Әлеуметтік қолдаудың ауқымы кеңейді

Шымкентте әлеуметтік қолдау саласында көрсетілетін қызметтердің ауқымы кеңейіп, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың жаңа тетіктері енгізілуде.

Әсіресе мүгедектігі бар азаматтарды оңалту, арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамту, жұмыспен қамтамасыз ету және көші-қон мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Утебаева мәлімдеді.

Жалпы, қазір Шымкентте 43 924 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Өткен жылы олардың саны 42 702 адам болған. Оның ішінде бірінші топтағы азаматтар – 5 223, екінші топта – 15 304, үшінші топта – 14 502 адам. Сонымен қатар қалада 18 жасқа дейінгі 8 895 мүгедектігі бар бала бар. Әлеуметтік қолдаудың маңызды бағыты – азаматтарды оңалту­дың жеке бағдар­ламасына сәйкес қажетті құралдармен және қызметтермен қам­тама­сыз ету. 2026 жылы осы бағыт бо­йынша 52 515 өтінім түсіп, оның 42 330-ы, яғни 80,7 пайызы орындалған. Салыс­тырмалы түрде, 2025 жылы 47 924 өтінімнің 37 254-і орындалып, қамту деңгейі 77,7 пайызды құраған.

Кресло-арбаға мұқтаж азаматтардың 91,4 пайызы қажетті құралдармен қам­­тамасыз етілді. Жеке көмекші қыз­метіне өтініш білдіргендердің 97,3 пайызы, ымдау тілі маманының қыз­метіне мұқтаж азаматтардың да 97,3 пайызы қамтылды. Гигиеналық құрал­дармен қамтамасыз ету көр­сеткіші 91 пайызға жетті. Бұдан бөлек, 5 528 азамат протездік-ортопедиялық кө­мекпен, 652 адам сурдологиялық, 1 135 адам тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз етілді. Санаторлық-курорт­тық емдеуге мұқтаж 11 633 азаматқа жол­дама берілді.

Әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қол­жетімділігін арттыру үшін қалада жаңа нысандар іске қосылып, қолданыстағы орталықтардың мүмкіндігі кеңейтіліп жатқанын айта кетейік. 2026 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Шымкентте 3 261 азамат арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Оның ішінде 816 адам – стационарлық, 825 адам – жартылай ста­ционарлық, 373 адам – уақытша болу жағ­дайында, ал 1 247 азамат үйде қызмет көр­сету форматында көмек алған. Былтыр ар­наулы әлеуметтік қызметтермен 3 236 адам қамтылған болатын. Бұл ретте әлеуметтік ин­фрақұрылымды дамытуға да басымдық бе­­рілуде. 2025 жылы 50 орындық «Сенім» ор­та­лығы мен 150 орындық «Балауса» балалар ор­талығы құрылды. 

Мүгедектігі бар азаматтарды оңалту инфра­құрылымын одан әрі күшейту мақсатында 150 орындық жаңа оңалту орталығының құрылысы жүргізілуде. Нысанның жалпы дайындық дең­гейі 70 пайызға жеткен. Оны 2026 жылдың жел­тоқсанында пайдалануға беру жос­пар­ланған. Жобаның құны – 14,05 млрд теңге. Балаларға көрсетілетін әлеу­меттік қызметтердің сапасын арт­тыру бағытында да нақты жобалар бар. «Қолдау» балалар орталығын жаб­дықтауға «Қазақстан халқына» қоры тарапынан 574,9 млн теңге көлемінде қолдау көрсету жоспарланған. Ал бейімдеу орталығында қосымша 100 орын­дық ғимарат салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Әлеуметтік қолдау саласындағы өзгерістер тек инфрақұрылыммен шек­телмейді. Мем­лекеттік қолдауды нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау үшін оны тағайындау тәсілдері де жаңартылады. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеу­меттік төлемдерді тағайындау тәр­ті­бі өзгереді. Жаңа тәсіл бойынша мем­лекеттік қолдау отбасының нақты әлеуметтік жағдайы мен қажеттілігіне қарай көрсетіледі. 

Жұмыспен қамту саласында да жаңа тәсіл енгізілуде. 1 қазаннан бастап жұмыс іздеп жүрген азаматтарға лайықты жұмыс табу тәртібі жетілдіріледі. Бұған дейін мансап орталығы мамандарына азаматқа сәйкес жұмыс орнын іздеуге 2 күн берілсе, жаңа тәртіп бойынша бұл мерзім 13 күнге дейін ұзартылады. Осы уақыт ішінде мамандар жұмыс іздеушінің білімі, еңбек өтілі, кәсіби дағдылары мен мүмкіндіктерін жан-жақты зерделеп, соған сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынуға тиіс. 

Шымкент қаласында еңбек ресурс­тарын тиімді орналастыру және жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аударуды ынталандыру бағытындағы жұмыстар да жалғасып келеді. 2026 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Шымкенттен жұмыс күші аз өңірлерге 143 отбасы немесе 586 адам қоныс аударған. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. 2025 жылы осы кезеңде 40 отбасы, яғни 93 адам қоныс аударған болатын. Қо­ныс аударғандардың басым бөлігі Сол­түстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарына бағытталған.

Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан об­лысына – 49 отбасы немесе 226 адам, Павлодар облысына – 44 отбасы немесе 167 адам, Шығыс Қазақстан облысына – 28 отбасы немесе 105 адам, Қостанай облысына  16 отбасы немесе 62 адам көшкен. Сонымен қатар Абай, Ұлытау және Қарағанды облыстарына да отбасылар қоныс аударған. Бұл бағыттағы мемлекеттік қолдаудың мақсаты бір жағынан жұмыс күші тапшы өңірлердің еңбек ресурстарын толықтыру болса, екінші жағынан азаматтарға тұрақты жұмыспен қамтылуға және жаңа жерде орнығуға мүмкіндік беру.

Көші-қон саласында қандастарды қабылдау және олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау мәселесіне де назар аударылуда. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында 142 азаматқа «қандас» мәртебесі берілді. 2025 жылдың осы кезеңінде бұл мәртебені 626 азамат алған. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін қандас мәртебесін беру, тұрақты тұруға рұқсат рәсімдеу және азаматтық алу мәселелері Үкімет айқындаған жеті өңірде қаралады. Олар – Абай, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстары.

Шымкенттегі әлеуметтік қорғау саласын­дағы жұмыстардың ауқымы бірнеше бағыт­ты қамтиды. Бір жағынан, мүгедектігі бар азаматтарға қажетті оңалту құралдары мен қыз­меттерін ұсыну, арнайы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және жаңа инфрақұрылым қалыптастыру көзделсе, екінші жағынан, еңбекке қабілетті азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға басымдық беріліп отыр.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы