Озық елге тозықтан құтылу шарт
Озық елге тозықтан құтылу шарт
183
оқылды
Инфрақұрылымды жаңғырту – Үкімет жұмысының басты мәселесі болуы тиіс. Әйтпесе, инфрақұрылымның ескілігі кесірінен мемлекет те, бизнес те үлкен шығынға батуда. Сенат отырысында Дариға Назарбаева Үкіметке ұсыныс берді. Жиында сенаторлар алдымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясын ратификациялады. Құжаттың мән-жайын түсіндірген Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Біліс­бековтің айтуынша, оның міндеті – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің алдын алу қызметі, экстремизмге қарсы бірлескен іс-қимыл, өзара құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ тараптар заңнамасын бірың­ғайландыруға ықпал ету саласындағы өзара іс-қимыл тетіктерін бекіту. – Үдеп бара жатқан террористік қауіп-қатердің ғана емес, кез келген мемлекеттік төңкерістің алдын алу тұрғысынан алғанда заңды билікке зорлық әрекет жасау іс-қимылдарына жол бермейтін құқықтық негіздер – осы құжаттың жаңалығы, – дейді сенатор Нұржан Нұрсипатов. Сенатта сондай-ақ тұншықтыратын, улы немесе басқа да ұқсас газдар мен бактериологиялық құралдарды соғыста қолдануға тыйым салу туралы хаттама да ратификацияланды. Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің мәліметінше, құжаттың мақсаты – соғыста тұншықтыратын, улы немесе басқа да ұқсас газдарды, сол тектес сұйықтықтарды, заттар мен процестерді, сондай-ақ бактериологиялық құралдарды қолдануға тыйым салу. Яғни, Қазақстан оларды қолданудан түпкілікті бас тартады. Сенат отырысы барысында 14 депутат­тық сауал жария етілді. Депутаттар инфра­құрылымдық жобаларды қаржыландыру мәселелеріне баса назар аударды. Осы орайда Дариға Назарбаева инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері халықтың әл-ауқатын арттыру үшін аса маңызды екенін нықтады.
– Көнерген инфрақұрылым, су құбы­ры, коммуникация, электр желілері, жол­дар, көпірлер – аса маңызды түйткіл. Үкі­метке инфрақұрылымды жаңғырту проб­лемаларын қарауды әрі оны жұмы­сының басты мәселесі етуді ұсынуымыз қажет. Инфрақұрылым нысандары жағда­йының нашарлығына байланысты біз суды, электр қуатын және басқа да ресурс­тарды босқа жоғалта бастадық. Мысалы, құбырлар тозып, жарылуы салдарынан судың 40 пайызы жолай жоғалады. Өңірлер арасындағы байланыс әлсіз дамуда, өйт­кені онда да тиісті инфрақұрылым жетіс­пейді. Депутаттар осы мәселемен тығыз айналысуы керек, – деді Сенат басшысы.
Ол алдағы үш жылдың бюджеті кел­генде осы мәселелерді кешенді қарауды ұсынды.   Айхан ШӘРІП