Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келісімді халықаралық деңгейде талқылап, болашақ пактіге негіз ету мүмкіндігін айтқан болатын. Қазақстан үшін бұл жаһандық ережелерді қалыптастыруға қатысу және цифрлық саясатын сол талаптармен үйлестіруге бағытталған мүмкіндік дер едік.
Президенттің пайымынша, ЖИ тәуекелі шекараға бағынбайды, сондықтан мемлекеттер мен бизнес бірлесіп әрекет етуі керек. Вашингтонда технологиялық компаниялар қол қойған келісімді сарапшылар зерделеген соң мүдделі елдерге үлгі ретінде ұсынуға болады. Бірақ оның халықаралық құжатқа айналуы өзге мемлекеттердің қатысуына, талаптардың орындалуын тексеруге және жауапкершілікті бекітуге байланысты. Қазақстан халықаралық диалогқа алаң ұсына алады. Ортақ ұстаным желтоқсандағы G20 саммитінде таныстырылмақ.
Бұл талқылаудың өзегінде технология адамның құқығы мен мүддесіне қызмет етуі керек деген қағида тұр. Ол үшін жүйенің жұмысы түсінікті болуы, жеке деректер қорғалуы және маңызды шешімдерде адам бақылауы сақталуы қажет. Қазақстанның ЖИ туралы заңында да осындай талаптар бекітілгенін Cyberbala жобасының авторы Абылай Исин атап өтті. «Ең бастысы – жасанды интеллект адамға қызмет етуі керек. Ол үшін жүйе ашық әрі түсінікті болып, адамның дербес деректері қорғалуы қажет. Маңызды шешімдер қабылданғанда адам бақылауы сақталуға тиіс. ЖИ қателескен жағдайда нақты кім жауап беретіні де анық болуы керек. Қазақстанның жасанды интеллект туралы заңында осы қағидаттар бекітілген», – деді ол.
Компаниялардың ортақ қағидаға келуі қауіпсіздік талаптарын біріздендіріп, модельді нарыққа шығармас бұрын тексеруге мүмкіндік береді. Абылай Исин маман ретінде келісімнің мәнін осы ортақ негізден көретінін жеткізді.
«ЖИ дамыған сайын ортақ ойын ережелерін қалыптастыру маңызды. Компаниялар қауіпсіздік, ашықтық, деректерді қорғау және тәуекелдерді басқару бойынша ең төменгі ортақ стандарттарға келуі керек. Бұл жай декларация болып қалмай, нақты орындалатын талаптарға айналуға тиіс», – дейді сарапшы.
Халықаралық пакт ортақ қағидаларды ғана емес, олардың орындалу тәртібін де қамтуы керек. Тәуекел туралы ақпарат алмасу, тәуелсіз бағалау және жауапты тараптарды белгілеу маңызды. Абылай Исин Қазақстанның осы диалогқа өз тәжірибесімен қатыса алатынын айтады.
«Келісімде нақты стандарттар, жауапкершілік тетіктері, тәуекелдер туралы ақпарат алмасу және тәуелсіз бақылау болуы керек. Қазақстан өз тәжірибесін ұсынып, халықаралық диалогқа белсенді қатыса алады. Елімізде ЖИ-ді жауапты әрі этикалық пайдалануға бағытталған заңнамалық негіз қалыптасып жатыр», – деп сөзін жалғады маман.
Шындығында, алдағы уақытта бекітілетін ортақ келісім азаматқа алгоритм шешімін түсініп, келіспеген жағдайда шағымдануға мүмкіндік берсе дейміз. Әсіресе қызмет көрсетуден бас тарту автоматты түрде шешілсе, оның себебін білу маңызды. ІТ сарапшысы, Диана Бақбергенова мұны пайдаланушы құқығы мен нақты жауапты тарапты анықтаудың шарты деп санайды.
«Шешімді алгоритм ұсынса, адам бұл туралы білуі керек және келіспеген жағдайда шағымдана алуы қажет. Әр жүйенің артында жауап беретін нақты адам немесе компания тұруы тиіс. Модельді нарыққа шығармас бұрын тексерген жөн, өйткені қате анықталғаннан кейін әрекет ету кеш болуы мүмкін. Медицина, қаржы және мемлекеттік қызмет сияқты салаларда соңғы шешімді бәрібір адам қабылдауы керек», – деді сарапшы.
Диана Бақбергенова келісімнің пайдасымен бірге, оның шектеуін де ескертеді. Өзге елдердің құжатқа қосылуы маңызды болғанымен, ерікті сипаттағы келісімнің орындалуын қамтамасыз ететін бақылау тетігі болуы керек. «Компаниялар модельдерін өздері бақылап қана қоймай, тәуелсіз сыртқы аудит жүргізуге және директорлар кеңесі деңгейінде қадағалауға міндеттенді. Осылайша, ЖИ қауіпсіздігіне компания басшылығы да жауап береді. Бірақ келісім ерікті, оны орындауға ешкім мәжбүрлей алмайды. Сондықтан нәтижесі туралы айтуға әлі ерте», – деген пікірімен бөлісті маман.
Құжаттың әлемдік деңгейде қолдау табуы келіссөзге қатысушылардың құрамына байланысты. Әзірге бұл америкалық компаниялардың келісімі; халықаралық пакт туралы айту үшін технологияны жасайтын елдермен бірге, оны күнделікті қызметінде пайдаланатын мемлекеттердің де пікірі ескерілуі керек. Диана Бақбергенова талқылауды БҰҰ сияқты халықаралық алаңда жүргізуді ұсынады. «Халықаралық құжатқа айналуы үшін келісімге Қытай, Еуропа және дамушы елдер қосылуы керек. Ерікті уәде жеткіліксіз, орындалуын тәуелсіз мамандар тексеретін міндеттемелер қажет. Мұны БҰҰ сияқты алаңда ЖИ жасайтын елдермен қатар, оны қолданатын мемлекеттер де қатысып талқылағаны дұрыс», – деді Диана ханым.
Қазақстан үшін бұл – ортақ ережелерді талқылауға қатысып, өз ұстанымын жеткізу мүмкіндігі. Еліміз АҚШ, Қытай және Еуропамен байланысын пайдаланып, қуатты модельдерді өзі әзірлемейтін, бірақ қолданатын елдердің мүддесін де ұсына алады. Реттеу инновациялық жобаларға кедергі келтірмеуі де маңызды. «Қазақстан осындай келіссөздерге алаң бола алады, себебі АҚШ-пен де, Қытаймен де, Еуропамен де қарым-қатынасымыз жақсы. Біз қуатты модельдерді өзіміз жасамаймыз, бірақ қолданамыз, сондықтан осындай елдердің мүддесін жеткізе аламыз. ЖИ-ді командалар мен инвесторлар басқа елге кетіп қалатындай қатаң реттеуге болмайды. Бұл ұстаным бізге ұқсас елдердің көбіне жақын», – деді Диана Бақбергенова.
Ортақ ережелердің маңызы Қазақстанның ішкі саясатына да қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев салалық өндірістік деректер қорын қалыптастыруды, оны зерттеушілер мен әзірлеушілерге қолжетімді етуді, ал коммерциялық құпия мен стратегиялық ақпаратты қорғауды тапсырды. Демек, ел үшін ортақ қағидалар дерекке қол жеткізу мен оны қорғаудың тепе-теңдігін табуға да көмектесуі мүмкін.
ЖИ сауатын мектептен бастап қалыптастыру да осы жұмыстың бір бөлігі. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл қыркүйектен бастап мектеп оқушыларына ЖИ негіздері оқытыла бастады. Өткен оқу жылында жоғары оқу орындарындағы міндетті курстардан 708 мыңнан астам студент өтті, қамту көрсеткіші 100 пайызға жуықтады. Келесі кезеңде жыл сайын 100 мың студентті ЖИ агенттерін әзірлеуге тереңдете оқыту көзделген. Ортақ стандарттарды іске асыруға оларды түсінетін мамандар қажет. Мектептегі бастапқы білім мен университеттегі тереңдетілген даярлық осы тұрғыдан бірізді жалғасуға тиіс.
Демек, келісім Қазақстан үшін сыртқы саясатпен қатар, ішкі цифрлық реттеу мен маман даярлау мәселесіне де қатысты. Ортақ талаптарды әзірлеуге атсалысу, заңнаманы іске асыру және азаматтарды ЖИ-ді жауапкершілікпен қолдануға үйрету елдің нақты үлесін айқындайды.
Кәмила ДҮЙСЕН