Ақмола облысының Аршалы ауданында жаңа әкім тағайындалды. Өңір басшысының өкімімен бұл қызметке Асхат Ахмедьянов келді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Жаңа аудан әкімі бұған дейін Ақмола облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасын басқарған. Осылайша, мемлекеттік қызметтің түрлі деңгейінде мол тәжірибе жинаған маман енді Аршалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына жауап бермек.
Асхат Ахмедьянов 1992 жылғы 29 мамырда Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданының Комсомольское ауылында дүниеге келген.
2013 жылы «Тұран-Астана» университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2014 жылы Атбасар ауданы Новоалександровка ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы ретінде бастаған. Бұл қызметті 2017 жылға дейін атқарды.
2017 жылы Атбасар ауданы Бастау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы қызметінде жұмыс істеді. Сол жылы Покровка ауылдық округінің әкімі болып тағайындалып, бұл лауазымды 2017–2019 жылдары атқарды.
Одан кейін, 2019–2021 жылдары Атбасар ауданының кәсіпкерлік бөлімін басқарды. 2021–2023 жылдары Атбасар ауданы Макеевка ауылдық округінің әкімі болды. Ал 2023 жылдан 2026 жылға дейін Зеренді ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2026 жылдың ақпан айынан бастап Аршалы ауданының әкімі болып тағайындалғанға дейін Ақмола облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Мемлекеттік басқару саласында ауылдық округ әкімдігінен бастап аудан әкімінің орынбасарына, облыстық басқарма басшылығына дейінгі түрлі деңгейде еңбек еткен Асхат Ахмедьяновтың ендігі міндеті – Аршалы ауданының дамуына серпін беріп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.