Ақмола облысының Жақсы ауданында жануарға қатыгездік көрсеткен ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Ол танысының ауласында әйелді ит қауып алғанын естіген соң, ашуға беріліп, балта алып, итті бастан ұрған. Сот оны иттің өліміне әкеп соққан аяусыз әрекеті үшін 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартты, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Мұны естіген ер адам ашуланып, балта алып, иттің иесі тұратын үйге барған. Ол жануарды өзіне шақырып алып, басынан екі рет балтамен ұрғаны анықталды.
Ветеринар дәрігердің қорытындысы бойынша, ит алған жарақаттарынан сол жерде өлген.
Сот отырысында ер адам өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтқан. Оның кінәсі иттің иесі мен куәлардың берген түсініктемелерімен, сараптама қорытындысымен, бейнежазбамен және іс бойынша жинақталған басқа да материалдармен дәлелденді.
– Сот істі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 316-бабы 2-бөлігі бойынша қарады. Бұл норма жануарға қатыгездік көрсетіп, соның салдарынан оның өліміне әкеп соққан әрекет үшін жауапкершілікті көздейді, – дейді Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінен.
Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының кінәсін мойындағанын, өкінгенін және оның материалдық жағдайын ескерген. Іс материалдарында ер адамның жұмыс істемейтіні көрсетілген. Нәтижесінде, сот оған 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады. Іс бойынша жәбірленуші тарап азаматтық талап қоймаған. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.