Композиттік қызмет дәрілік заттарды нарыққа шығару мүмкіндіктерін кеңейтеді

Алдағы уақытта композиттік қызметтерді дамытуға басымдық беріледі.

Астанада өткен MAASOT-2026 травматолог-ортопедтердің халықаралық конгресінде ДЗ мен МБ СҰО Бас директорының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Ғабит Сейдуалиев Қазақстанда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеудің жаңа тәсілдерін таныстырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Негізгі бағыттардың бірі «бір терезе» қағидаты бойынша іске асырылатын композиттік мемлекеттік қызмет болды. Оның басты артықшылығы – бірнеше реттеуші кезеңді бірыңғай маршрутқа біріктіру. Дәрілік заттар үшін бұл маршрут сараптаманы, тіркеуді, бағаны тіркеуді және Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға енгізуді қамтиды. Рәсімдерден өтудің жалпы мерзімі 100 жұмыс күніне дейін көзделген.

Жаңа формат өтініш берушіге қажетті рәсімдерді кезең-кезеңімен емес, бірыңғай процесс шеңберінде өтуге мүмкіндік береді. Бұл реттеуші жүйемен өзара іс-қимылдың неғұрлым түсінікті әрі ыңғайлы тетігін қалыптастырып, дәрілік заттың нарыққа шығуына дейінгі жалпы жолын қысқартуға мүмкіндік береді.

Композиттік қызметті дамыту перспективалары реттеуші маршрутты одан әрі жеңілдетуге және өтініш берушілердің «бір терезе» мүмкіндіктерін белсенді пайдалануына байланысты. Мұндай тәсіл дәрілік заттарды нарыққа неғұрлым жедел шығаруға, нарықты сұранысқа ие препараттармен толықтыруға және халық үшін медициналық өнімдердің қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етеді. Бұл ретте дәрілік заттардың сапасына, тиімділігі мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар сақталады.

Өз сөзінде Ғабит Сейдуалиев фармацевтикалық компаниялар мен басқа да өтініш берушілерді композиттік мемлекеттік қызметтің мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырды. Өз кезегінде ДЗ мен МБ СҰО белгіленген рәсімдер шеңберінде өтініш берушілерге ақпараттық-консультациялық қолдау көрсетуге дайын.

Алдағы уақытта композиттік қызметті дамыту медициналық өнімдерді нарыққа жіберудің неғұрлым жедел әрі ыңғайлы жүйесін қалыптастыру құралдарының біріне айналуға тиіс. Бұл тәсілдің түпкі нәтижесі – өтініш берілген сәттен бастап өнімнің нарыққа шығуына дейінгі уақытты қысқарту, дәрілік заттар нарығын толықтыру және пациенттер үшін қажетті дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.