Қанша салық қарызы болса, банк шоты бұғатталуы мүмкін?

Қазақстанда салық берешегінің мөлшеріне қарай оны өндіріп алу шаралары кезең-кезеңімен қолданылады.

2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексінде салық берешегінің шекті мөлшері белгіленді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Енді аз мөлшердегі қарыз үшін банк шоттарына бірден шектеу қойылмайды.

Мемлекеттік кірістер органдарының мәліметінше, 2026 жылы 1 АЕК 4 325 теңгені құрайды. Салық берешегінің шекті мөлшері 20 АЕК, яғни 86 500 теңге болып белгіленген.

Егер салық берешегі 20 АЕК-ке дейін, яғни 86 500 теңгеге дейін болса, салық төлеушіге берешек туралы хабарлама жіберіліп, өсімпұл есептеледі. Бұл жағдайда банк шоттары мен касса бойынша шығыс операциялары тоқтатылмайды, инкассалық өкім қойылмайды және мүлікке билік етуге шектеу енгізілмейді.

Ал салық берешегі 20 АЕК-тен, яғни 86 500 теңгеден асқан жағдайда мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданыла бастайды. Салық органы банк шоттары мен касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім шығарып, берешекті шоттағы қаражат есебінен өндіріп алу үшін инкассалық өкім қоя алады.

Қарыз көлемі өскен сайын қолданылатын шаралар да күшейеді. Егер салық берешегі 45 АЕК-тен, яғни 194 625 теңгеден асса, салық төлеушінің мүлкіне билік етуге шектеу қойылуы мүмкін. Сондай-ақ берешекті дебиторлар есебінен немесе билік етуі шектелген мүлікті өткізу арқылы өндіріп алу қарастырылған.

Осылайша, 86 500 теңгеге дейінгі салық берешегі банк шотын бірден бұғаттауға негіз болмайды. Бірақ қарызға өсімпұл есептеле береді. Ал берешек белгіленген шектен асқан кезде банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтату және қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін.