Бұл туралы Варшада өтіп жатқан ЕҚЫҰ-ның Адами өлшем жөніндегі конференциясында «Ұлттық кәсіби әлеуметтік қызметкерлер альянсы» РҚБ президенті Динара Есимова мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның айтуынша, 2025 жылы Альянс мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Әлеуметтік жұмыс туралы» заң жобасын әзірлеген. Құжат Қазақстанның Әлеуметтік кодексін қайталамайды. Заң жобасы кәсіби әлеуметтік жұмысты, әлеуметтік қызметкердің мәртебесін және осы бағыттағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимыл тетіктерін реттеуге бағытталған.
«Осыған байланысты Альянс 2025 жылы әзірленген «Әлеуметтік жұмыс туралы» заң жобасы негізінде кәсіби әлеуметтік жұмысты заңнамалық тұрғыдан бекіту бағытындағы жұмысты жалғастыру қажет деп санайды», – деді Динара Есимова.
Оның сөзінше, мұндай заң әлеуметтік қызметкердің мәртебесін көтеріп қана қоймай, әлеуметтік көмек көрсету жүйесінің тиімділігін арттыруға және әлеуметтік қолдауға мұқтаж қазақстандықтардың көбірек бөлігін қамтуға мүмкіндік береді.
«Заң әлеуметтік қызметкердің мәртебесін көтеріп қана қоймай, әлеуметтік көмек көрсету жүйесінің тиімділігін арттырып, әлеуметтік көмек алатын қазақстандықтардың санын көбейтуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Балаларға кәсіби әлеуметтік көмек қажет
Динара Есимова Қазақстанда шамамен 7 млн бала бар екенін атап өтті. Оның пікірінше, балалардың мәселелерін ерте анықтап, оларға дер кезінде көмек көрсету үшін кәсіби әлеуметтік қызметкерлер жеткілікті болуы керек.
«Әлемнің көптеген өңірінде туу көрсеткіші төмендеп жатқанымен, біздің елде бала туу деңгейі әлі де жоғары. Осыған байланысты еңбек нарығында кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің үлесі де көп болуы керек. Бала жалғыздық, қоғамнан оқшаулану, осалдық немесе маргиналдану сияқты мәселелерге тап болған кезде оған жанынан табылатын маман қажет», – деді ол.
Оның айтуынша, бұл бағытта Қазақстанға білікті әлеуметтік қызметкерлер мен құқық қорғау саласының мамандары қажет.
«Ол үшін Қазақстанда әлеуметтік жұмыс саласында білікті мамандардан тұратын мықты кәсіби орта қалыптастыру қажет. Сонымен қатар озық халықаралық тәжірибені енгізіп, академиялық ынтымақтастықты нығайту және Қазақстанда кәсіби әлеуметтік жұмыстың дамуына жағдай жасау маңызды», – деді Динара Есимова.
Сонымен қатар Динара Есимова «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамалардың бірі ретінде атады.
«Әділетті мемлекет саясаты аясындағы шешімдердің бірі – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Бұл – Қазақстанда туған және Қазақстан азаматы болып табылатын балаларға берілетін төлем. Қаражатты білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануға болады. Бұл бастама әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын жүзеге асыруға және әр азаматтың бала кезінен бастап мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған», – деді Альянс президенті.