Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, экологиялық талаптың бұзылғаны анықталды

. Іс материалдары қарау және шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Атырау облысының экология департаменті Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеріс тұрғындардың ауа сапасына қатысты көптеген шағымынан туындады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Тексеру барысында бірқатар экологиялық бұзушылықтар анықталды. Нақтырақ айтқанда, шығарындыларды есептеу жүргізілмеген және ЭЛОУ-АТ-2 (№2 атмосфералық түтік пеші бар электрлік тұзсыздандыру қондырғысы) және ЭЛОУ-АВТ-3 (№3 атмосфералық-вакуумдық түтік пеші бар электрлік тұзсыздандыру қондырғысы) кейбір технологиялық пештері, сондай-ақ кешіктірілген кокстау қондырғысының резервуарлары үшін рұқсат етілген шығарындылар стандарттары анықталмаған. Сонымен қатар 2026 жылдың 25 тамызында және 2-7 қыркүйегі аралығында күкіртті қалпына келтіру қондырғысында (ҚКҚ) және каталитикалық крекинг қондырғысында (ККҚ) болған төтенше жағдайлар нәтижесінде алау қондырғысына апаттық газ шығарындылары болғаны анықталды. 

Осы кезеңдерде жағылған газдың жалпы массасы 100 тоннадан асты. Жоспардан тыс тоқтап қалулар мен жөндеу жұмыстары да тіркелді. Төмендегі өндіріс нысандарындағы жеке көздердегі өнеркәсіптік шығарындыларды аспаптық бақылау кезінде көміртегі тотығы, азот оксиді және азот диоксиді бойынша белгіленген шығарындылар нормаларының асып кетуі тіркелді: 

— ХКӨ (хош иісті көмірсутек өндірісі) құрамына кіретін бензолды қалпына келтіру блогы бар CCR (үздіксіз катализатор регенерациясы) каталитикалық риформинг қондырғылары; 

— ЖжЭЭӨ (жылу және электр энергиясын өндіру); 

— БДГҚ-2 жеңіл бензин изомерлеу қондырғысы (№2 бензин мен дизель отынын гидротазарту қондырғысы), атауы 3211. 

Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәліметінше, тексеру барысында автоматтандырылған шығарындыларды бақылау жүйесін пайдалану және қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезеңінде стационарлық көздерден шығарындыларды азайту шараларын жүзеге асыру талаптарының бұзылуы анықталды. 

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 759-бабына сәйкес, инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғау туралы шешімдер прокурордың келісіміне жатады. 

2026 жылдың 1 қазанында прокурор әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғау туралы шешімдерді келісілді. Іс материалдары қарау және шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Сонымен қатар қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын анықтау және тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін тексеру материалдары құқық қорғау органдарына жолданды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.