Қазақстанның Елдік климаттық инвестициялық платформасын құру жөніндегі жоба бойынша келісімге қол қойылды

Оның негізгі міндеті — жекелеген технологиялық және жобалық бастамалардан климаттық қаржыландыруды тартуға дайын құрылымдалған инвестициялық жобаларға көшуді қамтамасыз ету.

Қазақстан мен Жасыл климаттық қор (ЖКҚ) GCF Readiness III бағдарламасының  жаңа кезеңінің шеңберінде Қазақстанның Елдік климаттық инвестициялық платформасын (QCIP – Qazaqstan Climate Investment Platform) құру жөніндегі жобаны іске асыру туралы келісімге қол қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәліметінше, жобаның құны 1 млн АҚШ долларынан асады. Келісімге ЖКҚ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерімен өңірлік диалог аясында қол қойылды. Келісімге қол қою рәсіміне «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» (IGTIC) Басқармасының Төрағасы Сәкен Қалқаманов пен ЖКҚ-ның Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Таяу Шығыс бойынша өңірлік директоры Томас Эрикссон қатысты. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев қатысты.

Жаңа платформа климаттық инвестицияларды үйлестірудің және жобаларды кейіннен ЖКҚ, Қазақстанның Даму Банкі және басқа да халықаралық және ұлттық қаржы серіктестерінен қаржыландыру тарту үшін дайындаудың ұлттық тетігіне айналады. Оның негізгі міндеті — жекелеген технологиялық және жобалық бастамалардан климаттық қаржыландыруды тартуға дайын құрылымдалған инвестициялық жобаларға көшуді қамтамасыз ету. QCIP сондай-ақ климаттық күн тәртібін мемлекеттік басқару жүйесіне интеграциялауды күшейтуге бағытталады. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің төрағалығымен құрылатын Платформаның басқару комитеті оның экологиялық және климаттық тұтастығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ тарифтік саясат, қаржы, жоспарлау және экономикалық реттеу мәселелеріне жауапты мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды үйлестіреді.

Елдік климаттық инвестициялық платформаның хатшылығы «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының» базасында орналастырылады. Орталық Платформаның жұмысын операциялық тұрғыдан сүйемелдеуді және мемлекеттік органдар, жоба бастамашылары, қаржы институттары мен халықаралық серіктестер арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіруді қамтамасыз етеді.

QCIP-ті құру Қазақстанның климаттық қаржыландырудың ұлттық жүйесін дамытудың келесі кезеңі болады. Платформа, инвестиция тартуға дайын климаттық жобалар портфелін қалыптастырып, ұлттық климаттық басымдықтарды, технологиялық шешімдер мен жобалық бастамаларды әлеуетті қаржыландыру көздерімен байланыстырады.

Бұл ретте QCIP жеке бастама ретінде емес, Қазақстанның жаңартылған Ұлттық айқындалатын үлесін және оны іске асыру жоспарын жүзеге асырудың практикалық тетігі ретінде қалыптастырылады. GCF Readiness бағдарламасының жаңа кезеңі институционалдық тетіктерді одан әрі нығайтуға, жобалар портфелін дамытуға және климаттық инвестицияларды ауқымдауға жағдай жасауға бағытталған.

GCF Readiness III жөніндегі келісімге қол қою және QCIP-ті құру Қазақстанның климаттық инвестицияларды дайындау және тарту ісінде неғұрлым жүйелі тәсілге көшуіне негіз қалыптастырады. Платформа халықаралық қаржы институттарымен өзара іс-қимылды нығайтуға және ұлттық климаттық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған инвестиция тартуға дайын климаттық жобалардың неғұрлым орнықты портфелін қалыптастыруға мүмкіндік береді.