Аңқау елге арамза молдалық еткен ол жәбірленушілерден 250 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін ақша алып, жалпы сомасы шамамен 70 миллион теңгені иемденген. Бұл туралы Көкшетау қалалық соты мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Сот мәліметінше, әйелге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша, яғни ақпараттық жүйе мен интернет желісін пайдаланушыларды алдау және олардың сенімін теріс пайдалану арқылы аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қаралған.
Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдан бастап Көкшетау қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Б. азаматтарға шетелге жұмысқа орналасуға қажетті құжаттарды рәсімдеу қызметтерін ұсынған. Әйел әлеуметтік желіде өзін блогер ретінде таныстырып, көрсететін қызметтері туралы ақпарат жариялаған. Осылайша шетелде жұмыс істеуді көздеген азаматтардың назарын аударған. Ол клиенттерге шетелге жұмысқа орналастыруға келісімшарт жасап, виза мен медициналық сақтандыруды рәсімдейтінін, тіпті Англияға ұшатын уақытты да талқылайтынын айтқан.
Алайда сот анықтағандай, бұл уәделердің артында нақты жұмысқа орналастыру жоспары болмаған. Жәбірленушілерден қызмет ақысы ретінде 250 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін ақша алғаннан кейін, әйел өз міндеттемелерін орындамаған. Ақша алған соң кездесуден жалтарып, телефон қоңырауларына жауап бермей, азаматтармен байланысын біржола үзген.
Қала тұрғынының осы әрекетінің салдарынан 92 адам зардап шеккен. Олардың арасында Көкшетау, Астана, Қарағанды қалаларының тұрғындары, сондай-ақ Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының азаматтары бар.
Сот мәліметінше, жәбірленушілердің ақшалай шығынының жалпы көлемі шамамен 70 миллион теңгеге жетіп жығылған.
Іс барысында сот әйелдің әрекетін алаяқтық ретінде бағалап, оған заңда көзделген жаза тағайындады.
- Сот үкімімен Көкшетау тұрғыны 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған азаматтардың қаражатын коммерциялық және өзге де қызметке тартуға байланысты қызметпен айналысуға 5 жыл мерзімге тыйым салынды. Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының асырауында кәмелетке толмаған балалары бар екенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді, - дейді Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінен.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, оның асырауында екі кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты бас бостандығынан айыру жазасын орындау бір жылға кейінге қалдырылды.
Сонымен қатар сотқа 28 жәбірленуші азаматтық талап арыз берген. Олардың талаптары қанағаттандырылды. Сот шешімімен жәбірленушілердің пайдасына келтірілген материалдық шығынды өндіру белгіленді. Әр азаматқа 200 мың теңгеден 1 миллион теңгеден астам қаражат көлемінде өтемақы өндірілмек. Көкшетау қалалық соты хабарлағандай, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.