Бейнебақылау камераларын бұрынғы әйелдерін және бөтен адамдарды бақылау үшін заңсыз пайдаланған

Қоғамдық орындардағы бейнебақылау камераларының санының көбейгені сонша, адамдар оларды күнделікті өмірде байқамай да қалды. Алайда бет-әлпетті тану технологиялары бұл камераларды жай бейнежазба құралынан адамды сырттай бақылауға қабілетті жүйеге айналдырды.

BBC Future материалы негізінде Aikyn.kz қауіпсіздік үшін орнатылған бақылау жүйелерінің жеке өмірге қаншалықты қауіп төндіруі мүмкін екенін талдайды.

BBC тілшісі Нью-Йорктегі Surveillance Technology Oversight Project ұйымының атқарушы директоры Мишель Дальмен бірге Манхэттен көшелеріндегі камераларды санап көрген. Бірнеше қадам жүргеннен кейін-ақ олар бір жерде 16 камераны байқайды. Кейбірі дүкендер мен ғимараттарға тиесілі болса, басқаларын қала билігі орнатқан.

Дальдің айтуынша, полиция жекеменшік камералардың жазбаларына да тергеу кезінде оңай қол жеткізе алады.

Нью-Йорк полициясының Domain Awareness System жүйесі 80 мыңнан астам камераны дрондар, әлеуметтік желілерден алынатын ақпарат және көліктердің қозғалысын бақылайтын жүйелермен біріктіреді. Дальдің сөзінше, полиция қызметкерлері бұл платформаны смартфон арқылы пайдаланып, белгілі бір адамның қайда жүргені туралы мәліметтерді көре алады.

АҚШ-тағы ең көп талқыланған компаниялардың бірі – Flock Safety. Компания 6 мың елді мекенде 100 мыңнан астам камера басқаратынын және ай сайын автокөліктерді шамамен 20 млрд рет сканерлейтінін мәлімдейді. Оның жүйелері ұрланған көлікті табу, жоғалған балаларды іздеу және қылмыстарды ашу үшін қолданылады.

Бірақ технологияны теріс пайдалану жағдайлары да тіркелген. BBC келтірген дерек бойынша, кемінде 46 жағдайда құқық қорғау қызметкерлері Flock жүйелерін рұқсат етілмеген мақсатта, соның ішінде серіктестерін, бұрынғы әйелдерін және бөтен адамдарды бақылау үшін пайдаланған. Кейін компания бұндай әрекеттердің алдын алуға арналған қосымша қорғаныс шараларын енгізген.Electronic Frontier Foundation өкілі Риндала Аладжаджи бақылау технологиялары қауіпсіздікті автоматты түрде арттырады деген пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, көлік нөмірін қате оқыған жүйелер салдарынан кінәсіз адамдардың тоқтатылып, тіпті оларға қару кезенген жағдайлар болған.

Бұндай бақылау тек АҚШ-қа тән емес. Барлық елдерде (оның ішінде Қазақстан да бар) бет-әлпетті тану жүйелері кеңейіп, полиция олардың көмегімен мыңдаған адамды ұстаған. Сыншылар бұл үдерісті мемлекеттің жаппай бақылау мүмкіндігінің едәуір ұлғаюы деп бағалайды.

Адамдар өз маңындағы бақылау инфрақұрылымын тексере бастады. АҚШ-та EFF әзірлеген Atlas of Surveillance және қолданушылар толықтыратын DeFlock картасы камералардың орналасқан жерін көрсетеді. BBC тілшісі DeFlock арқылы өз үйінен жаяу қашықтықта ЖИ қолданатын төрт камера барын анықтаған.

«Адамдарға өздерін қай жерде бақылап, қадағалап отырғанына және жиналған деректердің қайда кететініне назар аударуға кеңес берер едім», – дейді Даль.

Оның пікірінше, қоғам бақылау технологияларының ауқымын жақсырақ түсінген сайын, олардың қолданылуына қатысты заңнамалық талаптарды күшейтуге де көбірек ықпал ете алады.