Ләззат Қожахметова: Бала балабақшаға бармаса, ваучерлік қаржы не үшін төленеді?

2025 жылы енгізілген ваучерлік қаржыландырудың негізгі мақсаты – бюджет қаражатын балабақшадағы нақты қызметке бағыттау және қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету.

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ләззат Қожахметова мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қою жүйесін қайта қарауды ұсынды. Депутат бұл мәселені Құрылтай отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға жолдаған сауалында көтерді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Депутаттың айтуынша, бүгінде балабақшаға кезек мәселесі көптеген ата-ананы алаңдатады. Әсіресе, Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда мектепке дейінгі ұйымдарға сұраныс жоғары.

«Мектепке дейінгі тәрбие мен білім – баланың дамуы мен болашағына тікелей әсер ететін маңызды сала. Сондықтан әр бала тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы мектепке дейінгі білім алуға тең мүмкіндікке ие болуы керек. Бүгінде балабақшаға кезек мәселесі көптеген ата-ана үшін өзекті», – деді Ләззат Қожахметова.

Оның сөзінше, 2025 жылы енгізілген ваучерлік қаржыландырудың негізгі мақсаты – бюджет қаражатын балабақшадағы нақты қызметке бағыттау және қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету.

Қазір баланы мектепке дейінгі ұйымға тіркеудің екі жолы бар: орын болса, бала бірден балабақшаға қабылданады, ал орын болмаған жағдайда күту тізіміне қойылады. Алайда депутат кезекке тұру тәртібі ата-аналарға қиындық туғызатынын атап өтті.

«Егер орын болмаса, күту тізіміне қойылады. Алайда күту тізіміне тұру үшін баланы алдымен басқа балабақшаға тіркеуі тиіс. Соның салдарынан мемлекеттік балабақшадан орын күткен ата-ана баласын көбіне жекеменшік мекемеге тіркеуге мәжбүр», – деді ол.

Депутаттың айтуынша, мұндай жағдайда бала бір балабақшада тіркелгенімен, іс жүзінде басқа балабақшадан орын күтуі мүмкін. Кейбір жекеменшік балабақшалар баланы іс жүзінде қабылдамай, тек құжат жүзінде тіркеп қояды. Ата-аналар мемлекеттік балабақшадан орын алу мүмкіндігін сақтап қалу үшін мұндай шартқа келісуге мәжбүр болады.

«Бұл жерде егер бала балабақшаға бармаса, мемлекет ол үшін ваучерлік қаржыны не үшін төлейді деген маңызды сұрақ туындайды. Мемлекеттік қаржы нақты көрсетілген қызмет үшін төленуі керек. Сондықтан баланың балабақшада жай ғана тіркелуі емес, сол жерде шын мәнінде тәрбиеленіп, қызмет алуы басты өлшем болуы тиіс», – деді Ләззат Қожахметова.

Осыған байланысты депутат мәселені тек кезек жүйесі тұрғысынан емес, мектепке дейінгі білім беру жүйесінің тиімділігі ретінде қарастыру қажет екенін айтты. Ләззат Қожахметова ата-аналар үшін баласын басқа балабақшаға формалды тіркемей-ақ, өзі таңдаған ұйымның күту парағына тікелей қою мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

«Формалды тіркелу мен нақты тәрбиелену ұғымының аражігін ажырату маңызды. Мемлекет әр балаға қаржы бөледі. Ендеше, сол қаржының артында нақты бала, нақты орын және нақты көрсетілген қызмет тұруы керек», – деді депутат.

Ләззат Қожахметова министрлікке ваучерлік қаржыны нақты көрсетілген қызметпен байланыстырып, баланың нақты қатысуын негізгі өлшем етуді ұсынды. Бұдан бөлек, формалды тіркелген балаларды анықтайтын цифрлық бақылау жүйесін енгізіп, бір баланың бірнеше ұйымға негізсіз тіркелуіне жол бермеу және күту парағындағы балалар саны мен нақты бос орындар арасындағы сәйкессіздікті азайту жөнінде шара әзірлеуді ұсынды.