Жасанды интеллект – заман талабы әрі адамзат өркениетінің дамуының жаңа сатысы. Aikyn.kz бұндай технологиялық серпілістің қауіп-қатерін болжап, ұлттық қауіпсіздікке тигізер салдарын талдайды.
Қазақ елінің ЖИ-ді енгізу қарқыны киберқауіпсіздік деңгейінен озып кеткен жоқ па?
ЖИ-ді жаппай енгізудегі жоғары қарқын киберқауіпсіздік деңгейінен озып кетсе, ақылды құрал мемлекеттік басқаруды жеңілдетудің орнына, стратегиялық, құпия деректерді сыртқа жіберетін ұлттық қатерге айналуы ғажап емес.
Бірнеше апта бұрын белгілі болған Аустралиядағы OpenAI агентінің мемлекеттік жүйені бұзып кіру кейсі көрсеткендей, автономды ЖИ модельдері өзін жасаған шетелдік үкіметтің тапсырмасын орындау үшін кез келген шектеулерді айналып өтуге бейім.
«Әлем елдерінің алдында боламыз» деген жалаң ұранмен сырттан таңылған технологиялық шешімдерді бақылаусыз сіңіре беру мемлекетті ішіндегі балықтары ештеңені өзгерте алмайтын «аквариум» жағдайына түсіріп жібереді. Алгоритмдік кілттері шетелдік үкіметтердің уысында тұрған бұндай жасанды аквариумда суверенитет, тәуелсіздік ұғымдары жойылады, болмайды.