Телевизия, радио және стратегиялық коммуникациялар саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар журналист әрі медиаменеджер Махаббат Есен «NS Радиосының» директоры болып тағайындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Махаббат Есен – журналистика бакалавры, менеджмент магистрі, Doctor of Business Administration (DBA) бағдарламасының докторанты. Ол Fowler International Academy халықаралық коучы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қауымдастырылған профессоры. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Ақпарат саласының үздігі» кәсіби төсбелгісінің иегері.
Ол стратегиялық коммуникациялар, медиаменеджмент, шешендік өнер және көшбасшылық бағыттары бойынша сарапшы әрі оқытушы ретінде жұмыс істейді. Бизнес-мектептер мен жоғары оқу орындарында шақырылған лектор ретінде дәріс оқиды.
Махаббат Есен – ұлттық және халықаралық медиа, мәдени-ағартушылық жобалардың авторы әрі продюсері, UNESCO Clubs Kazakhstan елшісі.
Әр жылдары Astana Media Week, «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтары, «Қазақстанның 100 жаңа есімі», Media Vision 2023 және Media Forum European Union 2024–2025 секілді жобалар мен форумдарды ұйымдастыруға және өткізуге атсалысқан.
Теле және радиожурналист ретінде EXPO 2017, Academy Awards («Оскар») және Eurovision Song Contest секілді ірі халықаралық іс-шараларда жұмыс істеген.
Махаббат Есен – «ШҮКІР. Как быть счастливым по-казахски» кітабының авторы. Кітапта қазақ дүниетанымындағы шүкіршілік ұғымы, мәдени жады, отбасылық құндылықтар және адамның өз тамырымен байланысы сөз болады.
«NS Радиосы» 1995 жылдан бері жұмыс істейді. Алғашқы эфирі 6 наурызда Алматыда тараған. Радиостанса музыкалық-ойын-сауық бағдарламалары, авторлық жобалары, жаңалықтар шығарылымдары және интерактивті эфирлерімен танымал. Қазір радио тәулік бойы хабар таратып, Қазақстанның 70 ірі елді мекенін қамтиды. 2025 жылы радиостансаның құрылғанына 30 жыл толды.