Ақтауда ысталған балық жеген 9 жасар бала көз жұмды

Бірақ дәрігерлер баланың өмірін сақтап қала алмады.

Ақтауда ысталған балықтан уланып, жансақтау бөліміне түскен 9 жасар бала көз жұмды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оқиға шамамен екі апта бұрын болған. Бір отбасының төрт мүшесі ысталған балықтан уланып, ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілген. Оларға ботулизм диагнозы қойылып, барлығы жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Сондай-ақ науқастарға арнайы сарысу егілген.

9 жастағы баланың жағдайы аса ауыр болған. Оған медициналық көмек көрсету үшін Ақтауға Астанадан реаниматолог, инфекционист және невролог мамандар да барған. Бірақ дәрігерлер баланың өмірін сақтап қала алмады.

Отбасы мүшелерінің айтуынша, бала 6 қазанда жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Уланғандардың арасында баланың әкесі де бар. Қазір оның жағдайы тұрақты. Отбасының тағы екі мүшесі ем қабылдап жатыр.