Дінаралық диалог алаңы

Астанада Қазақстан Республикасының Вице-Президенті – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы Ерлан Қариннің төрағалығымен Хатшылықтың XXIV отырысы өтті.

Оның жұмысына 20 елден келген әлемдік және дәстүрлі діндердің, халықаралық ұйым­дардың, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың 30-дан астам беделді өкілі қатысты.

Ерлан Қарин бірлік пен ынтымақ, этно­саралық және конфессияаралық келісім, адам­­ды құрметтеу сияқты конституциялық құн­дылықтар Қазақстанның даму бағдарын ай­қын­дайтын маңызды қағидаттар екенін, мұ­ның Съезд миссиясымен үндесетінін атап өтті. Осы ұстанымдарға арқа сүйей отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен еліміз теңгерімді және бейбіт сипатта дәйекті сыртқы саясат жүргізіп келеді.

Съезд осы жылдар ішінде дінаралық диа­логтың бірегей алаңы ретінде қалыптасты. Оның әріптестік желісі кеңейіп, діни бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен ықпалдастығы нығая түсті.

– Осыған дейін қалыптасқан құндылықтар іргетасы Съездің практикалық мазмұнын кеңейтуге мүмкіндік береді. Яғни құжаттарды бірлесіп әзірлеуге, әріптестікті нығайтуға және нақты жобаларды іске асыруға жол ашады, – деді Вице-Президент.

Бұл – қарулы қақтығыстар, гуманитарлық дағдарыстар, радикалды идеялар мен өшпенділік белгілері белең алып, климаттық және техно­логиялық сын-қатерлер күшейе түскен қазіргі кезеңде айрықша өзекті міндет. Мұндай жағ­дайда рухани дипломатия саяси келіссөздерді то­лықтырып, өзара байланыс арналарын сақтауға және сенімді қалпына келтіруге ықпал етеді.

Ерлан Қарин Мемлекет басшысының Съезд аясында діндердің бітімгерлік әлеуетін біріктіріп, рухани дипломатияға нақты халықаралық сипат беруге бағытталған Жаһандық бейбітшілік қозғалысын қалыптастыру жөніндегі бастама­сына арнайы тоқталды.

Отырыс соңында 2025 жылғы Астана бейбіт­шілік декларациясын дамыту мақсатында әзір­ленген екі халықаралық құжат қабылданды. Олар – «Климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі діндердің рөлі» және «Діни салада жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық кодексі».

Бірінші құжат экологиялық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған және қоршаған ортаға қамқорлық пен азаматтық жауапкершілікті ұштастыратын Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасының философиясымен үндеседі.

Этикалық кодекс Президенттің жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөніндегі Дінара­лық комиссия құруды және алгоритмдерге ар­налған әмбебап «өсиеттерді» әзірлеуді көз­дейтін бастамасын одан әрі ілгерілетеді. Құжат технологияларды жауапкершілікпен қол­дануға шақырады әрі діни мәтіндерді бұрма­лауға, цифрлық жалған контент әзірлеуге, кемсіту­шілікке және адамдардың сеніміне манипуляция жасауға тосқауыл қоюға арналған.

Сондай-ақ Қазақстан мен Қасиетті Тақтың бірлескен бастамасы – «Айықпас дертке шалдыққан балалардың құқықтары хартиясы» таныстырылды. Құжатты әзірлеуге «Бамбино Джезу» ауруханасының сарапшылары атсалысты. Хатшылық Хартияға қатысты жұмысты одан әрі жалғастыруды қолдады.

«Астана бейбітшілік декларациясы – 2025» құжатын іске асыру аясында Хатшылыққа серік­тес­термен бірлесіп, Жаһандық бейбітшілік қозғалысының тұжырымдамасы мен оны қа­лып­тастыру және халықаралық деңгейде ілге­рілетудің кезең-кезеңімен іске асырылатын жоспарын әзірлеу тапсырылды.

– Съездің беделі қабылданған шешімдердің халықаралық бастамаларда көрініс тауып, қан­ша­лықты тыңғылықты түрде жүзеге асырыла­тынына және бейбітшілік пен сенімді нығайтуға қызмет ететініне байланысты болмақ, – деді Ерлан Қарин.