Байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық командасының сапындағы 150 спортшы спорттың 12 түрі бойынша өнер көрсетеді. Атап айтқанда, волейболды отырып ойнаудан – 12, пара таэквондодан – 8, пара дзюдодан – 26, пара үстел теннисінен – 12, пара оқ атудан – 12, пара жеңіл атлетикадан – 14, пара садақ атудан – 9, пара жүзуден – 21, арбадағы теннистен – 3, пара пауэрлифтингтен – 15, боччадан – бес және пара велоспорттан 13 спортшы қатысады.
– Азия Пара ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 1 командалық және 11 жекелей спорт түрінен ел намысын қорғайды. Биылғы ойындарда Қазақстан құрамасы арбадағы теннистен алғаш рет бақ сынайды. Сонымен қатар пара жеңіл атлетикадан зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар да тұңғыш рет ел намысын қорғайды. Атап айтқанда, олар жеңіл атлетикадан Т20 және пара үстел теннисінен 11-сыныпта жарыс жолына шығады. Ойындар алдындағы дайындық барысында спортшыларымыз 23 оқу-жаттығу жиынынан өтіп, 22 халықаралық турнирге қатысып, 63 медаль жеңіп алды. Алдағы жарыстарда да спортшыларымыз өз шеберліктерін барынша көрсетіп, лайықты нәтижелерге қол жеткізеді деп сенеміз, – деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының Спорт бойынша басқармасының басшысы Қайратбек Сейітбеков.
Айта кетейік, V Азия Пара ойындарына 45 елден 4 мыңға жуық спортшы қатысып, спорттың 18 түрінен 502 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан Азия Пара ойындарында 2010 жылдан бері қатысып, жалпы 105 медальді жеңіп алды. Оның ішінде 20 алтын, 35 күміс және 50 қола медаль бар.