Латын графикасына көшуде мән-мағына қалмағандай...

Елімізде ЖИ модельдерінің дамуына байланысты латын графикасына көшу маңызын жоғалтқанға ұқсайды. Бұған ресми биліктің жариялаған уақытша үзілісі дәлел.

Технологиялық өзгерістер мен жаһандық цифрландыру жазу формасынан гөрі мазмұн мен жаңа идеяны, сапаны басты орынға шығарғаны туралы Aikyn.kz түсініктемесі.

ЖИ дәуірінде қазақ тілінің графикасын латын әліпбиіне ауыстырудың ешқандай технологиялық қажеттілігі жоқ. Жаһандық цифрлық кеңістікке кіру үшін, жаңа технологияны меңгеруді жеңілдету үшін латын әліпбиіне көшу керек деген қоғамды адастырған қате ұғымдардың уақыты өтті.

Бұл тұжырымға дәлел ретінде Google DeepMind компаниясының латын тіліне арналған ЖИ құралын мысалға келтіруге болады. Aeneas (Эней) бағдарламасы жасанды интеллектінің тілдік және графикалық шектеулерді қалай оңай еңсеретінін көрсетті. Aeneas уақыт өте келе мүжіліп, үгітілген тастардағы көне латын гравюраларын талдап, жетіспейтін сөздерді өзі толықтырады.

Мысалы, таста тек «...us populusque Romanus» деп жазылып тұрса, ЖИ оның алдындағы сөзді тауып, мағынаны «Senatus populusque Romanus» (Рим сенаты мен халқы) деп толық қалпына келтіреді.

Бағдарлама жазудың қашан және қай жерде қашалғанын да анықтай алады. Ол үшін ЖИ 150 000-ға жуық латын жазбаларынан тұратын үлкен базаны пайдаланады. Nature журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, бұл құрал тарихшылардың жұмыс тиімділігін 90%-ға арттырып, жаңа ғылыми идеялардың тууына түрткі болған. Бұған дейін Google осындай технологияны көне грек тіліне арналған Ithaca жобасында да сәтті қолданған. 

Ежелгі түркі мәдениетін зерттейтін тарихшыларымыз бен археологтеріміз да Орхон-Енисей жазбаларында үгіліп кеткен мәтінді қалпына келтіруде Google DeepMind әдісін қолдана алса қандай жұмбақтар ашылар еді!

Бұл жерде айтпақ ойымыз басқа. Біз жаһандық технологиялық төңкеріс жағдайында ұлттық тіл саясатын қайта қарауға шақырамыз. Бүгінгі басты мәселе – әріптердің сыртқы формасын өзгертуге уақыт пен қыруар қаржы шығындау емес. Мақсат – қазақ тілін дамытуға тұсау болатын кедергілерді жойып, тілімізді жасанды интеллект жүйелері мен LLM модельдеріне сапалы кіріктіру. Дәл қазір ана тілімізді цифрлық әлемдегі ұлтымызды дамытудың іргелі құралына айналдыра алмасақ, оның қандай графикамен жазылғаны болашақ үшін маңызын жоғалтады.Осы орайда Facebook парақшасынан оқыған бір қисынды ойды келтірейік. 2019 жылдың 17  қазанында жарияланған жазбада «Латын графикасына көшуде мағына қалмады» деген тұжырым жасалыпты. Бұдан 7 жыл бұрын автор: «ЖИ дәуірінде жазу формасын ауыстырудың қажеті жоқ. Өйткені ЖИ үшін латын ба, кириллица ма, араб графикасы ма бәрібір. Арнайы конвертерлер сіздің мәтініңізді латыннан кириллицаға, араб графикасынан латынға, кириллицаға әп-сәтте ауыстырып береді. 

Енді 20-25 жылда адамзат баласының компьютерде мәтінді қолмен теріп отырғаны да архаизмге айналады. Қазірдің өзінде айтқан сөзіңізді, видео мен аудио файлдарды жазбаша формаға түсіретін Speech-to-Text (transcribe) технологиялары бар. 

Егер ЖИ ауызша айтқан сөзіңізді көз ілеспес жылдамдықпен экран бетіне жазып отырса, қолмен әріп терудің қажеті қанша? Болашақта мәтіннің формасы емес, ондағы жаңа ой, ерекше идея мен мазмұн ғана бағаланбақшы», – деген жазба қалдырған екен. Бұндай қисынды ойды жеті жылдан кейін болса да ресми билік мойындай бастады.

Осы тұста бір технологиялық ремарка қосып кетейік. «Көшпенділер» (Ілияс Есенберлин) мен «Аласапыранды» (Мұхтар Мағауин), «Қызыл жебе» (Шерхан Мұртаза) мен «Ұлпанды» (Ғабит Мүсірепов), «Ақбілекті» (Жүсіпбек Аймауытов), Шекспир мен Толстойды, Кафка мен Достоевскийді, Гюго мен Оруэллді латын қарпімен оқисыз ба, кирилл әліпбиінде немесе араб графикасымен оқу ұнай ма?! Таңдау еркі өзіңізде. Бұны қазірдің өзінде конвертерлер арқылы жасауға болады.

Жаңа технологиялық дәуірде таңба маңызды емес. Таңбалар өзгергенімен, олар арқылы берілген ой, мәңгілік идеялар мен адамзаттық құндылықтар сол күйінде қалады.

Билік басындағы бірер адамға ұнайды екен деп тұтастай ұлттың болашағын дәлелденбеген, негізсіз себептермен латын әліпбиіне бұру – саяси жағынан да, мәдени-экономикалық тұрғыдан да зиянды әрі аңғырт шешім болар еді. Тіл мамандары әліпбидің жай ғана таңбалар жиынтығы емес, ұлттың ғылыми, мәдени және интеллектуалдық капиталының іргетасы екенін жақсы түсінеді.

Тамыз айында латын графикасына көшуге қатысты Ғылым министрлігі өз ұсынысын жариялады. Министрлік мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге ұйымдардың қазақ тіліндегі маңдайшалары, баннерлері мен өзге де көрнекі ақпаратын латын графикасында орналастыруды уақытша тоқтатуды ұсынды.

Латын графикасына енгізуге үзіліс жарияланды. Заңның орындалуын қадағалайтын Бас прокуратура маңдайшасындағы  Bas prokýratýra жазуын «Бас прокуратура» деп өзгертті. 

Тіл саясаты комитеті латынға көшудің нақты мерзімі әзірге жоқ екенін мәлімдеді. Бастапқыда 2025 жылға дейін аяқтау көзделген латын графикасына көшудің жаңа мерзімі жарияланбады. Осыған қарап, Ақорда соңғы шешімді латынға көшудің мағынасыз болып қалғанын қоғамға түсіндіріп барып қана қабылдайды деген ой түйіндейміз. Сіз осымен келісесіз бе?Қазақ тілін цифрландыру – кейбіреулер ойлағандай жай ғана трендке ілесу емес. Бұл – жаһандық цифрлық кеңістікте ұлттық мұраны сақтау мен дамытуға бағытталған стратегиялық қадам. Тілді цифрландыруды, қоғамның технологиялық сауатын өсіруді латын қарпімен байланыстыратындар қоғамды шатастырып жүр. Бүгін латынға көшкен халықтың ұлы мен қызы ертесінде технологиялық сауаты өсіп оянбайды.

Технологиялық сауат пен білім таңбамен бағаланбайды, таңбамен анықталмайды. Шынында, қазақ халқының 1940 жылдан бері қолданылып келген жазу үлгісіне цифрлық әлемде ешбір кедергі жоқ.

Корей тілін, қытай мен жапон жазуларын цифрлық ортаға бейімдеп, технологиялық прогресс көшінің басында жүрген елдердің тәжірибесі осыны көрсетеді. Дәлірек айтқанда, осы елдердің технологиялық деңгейінің жоғары болуы өздерінің күрделі жазуларын цифрлық ортаға бейімдеуге көмектесті.   

Ал ана тіліміз үшін бүгінгі күн тәртібіндегі ең басты мәселе – орыс тілімен еріп келген қазақ тілінің табиғатына жат В, Ф, Ц, Ч, Щ, Э, Ю, Я әріптері мен Ъ, Ь белгілерінен арылу.

Бұлар КСРО заманында орыс тілінен көшкен кірме сөздерді өзгеріссіз жазу үшін ғана енгізілген болатын. Ана тіліміздің фонетикасын, орфографиясы мен орфоэпия заңдылықтарын осылайша заман талабына сай жаңарту қажеттігі тіл білімі ғалымдары мен лингвистердің әліпбиді латынға көшіру туралы сенімі мен көзқарасын түбегейлі өзгертеді деп сенеміз.

Ағылшындар айтпақшы: Future is now! Болашақ бүгіннен басталады!