Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған үш адам анықталып, олармен қатынаста болған деген адамдардың барлығы оқшауланып, бақылауға алынды. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшыларымен шұғыл брифинг өтті. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байтолла Ғазизов: «Бірінші науқас 21 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласынан Атырауға келген. 26 наурызда ОРВИ-дің белгілері болуына байланысты жедел түрде анализдері алынды. Нәтижесінде, инфекция жұқтырғаны анықталды. Екінші науқас 17 наурыз күні Стамбұлдан Алматыға, одан соң Алматыдан Атырауға ұшып келген. Нұр-Сұлтанда Стамбұлдан Алматыға келгендер арасынан инфекция жұқтырған бір адам табылғанын білесіздер. Осыған байланысты сол кісімен қарым-қатынаста болғандықтан біз анализін алдық. Нәтижесінде, инфекция жұқтырғаны анықталды. Үшінші науқас Амстердамнан кеше келген. Бірден карантинге жатқызылып, анализдері алынған болатын. Бүгін тест нәтижесінен оның да инфекция жұқтырғаны анықталды. Үш науқастың жағдайы қазір қанағаттанарлық. Тиісті талаптарға сай емдеуге жатқызылып, ем-дом шаралары жасалып жатыр. Олардың жағдайы тұрақты, бақылауда», – деді. Ол тұрғындардан адам көп шоғырланатын жерлерге бармай, гигиеналық тазалыққа аса мән беруді ескертті. Ал облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы М.Есімбаев инфекция жұқтырғандармен қатынаста болды деген азаматтардың қатаң бақылауда екенін айтты. Бүгінгі таңда Атырау облысында індетпен күресті күшейту шаралары қолға алынуда.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы