Бүгін Қазақстан Халық Кеңесінің Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетінің алғашқы отырысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Отырысқа Комитет төрағасы Вера Ким төрағалық етті. Қатысушылар Мемлекет басшысының реформаларын іске асыру бойынша өз ұсыныстарын айтты.
Отырыс барысында қатысушылар Комитет жұмысының форматын талқылап, үш салалық комиссияны құруға ерекше назар аударды. Дәл осы комиссиялар бастамаларды жан-жақты пысықтау және өзекті қоғамдық маңызы бар мәселелерді шешу бойынша негізгі алаңға айналады.
Вера Ким атап өткендей, Комитеттің басты міндеті – Халық Кеңесі мүшелерінің қоғамдық және сараптамалық әлеуетін біріктіріп, өзекті мәселелерді мазмұнды талқылау және нақты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы сессияда белгілеген міндеттері аясында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері өздерінің бастамалары мен ұсыныстарын айтты.
Білім беру және адами капитал мәселелері жөніндегі комиссияның жетекшісі Мұрат Әбеновтің пікірінше, бүгінгі таңдағы басты сын-қатерлердің қатарында қала және ауыл оқушыларының білім сапасындағы алшақтық пен педагог кадрлардың тапшылығы бар.
Сонымен қатар оқу бағдарламаларының еңбек нарығының нақты талаптарына сәйкес келмеуі және икемді ұлттық үздіксіз білім беру жүйесін құру қажеттілігі де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осыған байланысты комиссия бұл мәселелерді қоғамдық және сараптамалық күн тәртібіне белсенді түрде шығарып, нақты шешімдер әзірлеу үшін бейінді мамандарды, жұмыс берушілерді және IT-сектор өкілдерін тартуды жоспарлап отыр. Оның ішінде заңнамалық бастамалар да қарастырылмақ.
Әлеуметтік саясат мәселелері жөніндегі комиссияның жетекшісі Ләззат Қалтаева әлеуметтік саясат адамның өмірінің барлық кезеңін қамтитынына назар аударды. Басым бағыттардың қатарында денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, тең мүмкіндіктер және ұрпақтар сабақтастығын дамыту мәселелері бар. Оның айтуынша, құрылымның жұмысы халықпен кері байланыс орнату және өңірлік тәжірибені талдау негізінде жүргізіледі. Ал оның басты өлшемі – әр адамның өміріндегі нақты оң өзгерістер болуы тиіс. Оның айтуынша, комиссияның жұмысы халықпен тұрақты байланыс орнатуға, азаматтардың өтініштерін зерделеуге және өңірлердің тәжірибесін ескеруге негізделуі тиіс.
Ал Азаматтық қатысу және волонтерлік мәселелері жөніндегі комиссия қоғамдық бастамалар мен азаматтық белсенділікті дамытуға басымдық береді. Азаматтар, сарапшылар, бизнес, ҮЕҰ және мемлекет арасындағы байланысты нығайту мақсатында комиссия тұрақты сараптамалық диалог өткізуді, өңірлерде көшпелі отырыстар ұйымдастыруды және «ҮЕҰ – мемлекет – бизнес» диалог алаңының жұмысын жолға қоюды жоспарлап отыр. Комиссия жетекшісі Алтынай Көбееваның айтуынша, өңірлік қоғамдық кеңестермен жүйелі диалог орнату және белсенді азаматтар мен коммерциялық емес сектор өкілдеріне арналған «Қоғамдық қатысу мектебін» ашу жоспарланған.
Сонымен қатар қатысушылар Комитеттің 2026–2027 жылдарға арналған жұмыс жоспарын жеке талқылады. Жоспарға Комитет пен салалық комиссиялардың отырыстарын өткізу, уақытша жұмыс топтарының қызметі, сараптамалық және қоғамдық талқылаулар ұйымдастыру, талдамалық және сараптамалық материалдар әзірлеу, мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен, сарапшылар қауымдастығымен, ғылыми және білім беру ұйымдарымен өзара іс-әрекет жасау, сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерінің маңызды жобалары мен бастамаларын іске асыру кіреді.
Отырыс барысында Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерінің әрі қарай пысықтауға ұсынылатын бастамалары да айтылды. Атап айтқанда, Төралқа мүшесі Бағдат Мусин «Таза Қазақстан» жобасы үшін цифрлық экожүйе әзірлеуді ұсынды. Комитет жұмысының маңызды бағыттарының бірі – қоғамдық ұсыныстар салалық комиссиялар мен жұмыс топтарында кәсіби бағалаудан өтіп, нақты ұсыныстар мен ұсынымдарға айналатын тиімді тетік қалыптастыру.