Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қақтығыс аймағынан 14 қазақстандықтың Ресейдегі елшілікке жеткізілетіні туралы тараған ақпаратқа түсініктеме берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты
Әлеуметтік желілерде бүгін 14 Қазақстан азаматы қақтығыс аймағынан еліміздің Ресей Федерациясындағы елшілігіне жеткізіледі деген ақпарат тараған. Бірақ Сыртқы істер министрлігі бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
– Бұл тақырыптың қоғам үшін, әсіресе азаматтарымыздың туған-туыстары үшін қаншалықты маңызды екенін толықтай түсінеміз. Сондықтан тексерілмеген мәліметтерді таратуға мүлдем жол берілмеуі тиіс. Мұндай ақпарат жақындарынан хабар күтіп отырған отбасыларды адастырады, негізсіз үміт тудырады әрі азаматтарды қорғау жөніндегі министрліктің жұмысына кері әсерін тигізуі мүмкін, – делінген ведомство хабарламасында.
Министрлік аталған мәселе бойынша Ресей тарапымен түрлі деңгейде жұмысты жалғастырып жатқанын жеткізді.
Ведомствоның мәліметінше, мәселе тұрақты бақылауда. Жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижелері туралы қосымша ақпарат беріледі.