Алматыда World Tennis Tour Juniors сериясына кіретін J30 Almaty халықаралық жасөспірімдер турнирінің ұлдар арасындағы жекелей сын жарыстары аяқталды. Қазақстандық қатысушылар арасында үздік нәтижені финалға шыққан Бексұлтан Бауыржанов көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Негізгі кезеңде 32 теннисші өнер көрсетті. Жарыс екі кезеңнен тұрды: алдымен қатысушылар сегіз топта бақ сынады, содан кейін әр топтың жеңімпазы ширек финалда жарысты жалғастырды.
Турнирдің екінші ракеткасы Бауыржанов топтық кезеңде қарсыластарына бірде-бір сет бермей, үш жеңіске қол жеткізді. Ширек финалда қазақстандық теннисші отандасы Анатолий Цыбульконы 2:6, 6:2, 6:3 есебімен жеңсе, жартылай финалда Қазақстанның тағы бір өкілі Виктор Сериковтан 6:1, 6:0 есебімен басым түсті.
Шешуші кездесуде Бауыржанов турнирдің үшінші ракеткасы, әзербайжандық Рафаэль Гусейновпен кездесті. Матч Гусейновтың пайдасына 6:4, 6:0 есебімен аяқталды.
Виктор Сериков турнирдің жартылай финалына шықты. Өз тобында жеңімпаз атанған ол ширек финалда қазақстандық Юнус Зульфарды 6:2, 2:6, 6:3 есебімен ұтты.
ҚР Теннис федерациясы мәліметінше, жалпы ширек финалға Қазақстанның бес өкілі шықты: Бексұлтан Бауыржанов, Виктор Сериков, Диас Төлепбергенов, Юнус Зульфар және Анатолий Цыбулько.