Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша партиялық жобалардың аясында 18 наурыздан бастап #Bizbirgemiz акциясы басталды. Қазіргі таңда Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалымен 1 000-нан аса мұқтаж жандарға көмек көрсетілді.
Карантин кезеңінде егде жастағы жалғызбасты адамдарға азық-түлік сатып алу және тамақ дайындау қиындық тудырады. Осыған орай, #Bizbirgemiz акциясы мен «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасының аясында Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалы, Алматы қаласының әкімдігі және Nomad MMA республикалық федерациясы 27 наурыздан бастап 90 жастан асқан жалғызбасты қарт адамдардың үйіне тегін ыстық тамақ жеткізуді ұйымдастыра бастады.
«NOMAD MMA Федерациясы, қазақстандық ММА аралас жауынгерлік жекпе-жегі бойынша біріккен федерациясы және Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығымен бірлесе отырып #Biz-birgemiz акциясын қолдау мақсатында карантин кезеңінің аяғына дейін 90 жастан асқан барлық жалғызбасты қарт адамдарды күн сайын ыстық тамақпен қамтамасыз етуде өз үлесімізді қосайық деп шештік. Қазір бұл адамдарға көмек қажет, олардың тамақ дайындауға шамасы жоқ. Біз көмек қажет болған кезде шет қалмаймыз және барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз», – деді Nomad ММА федерациясының президенті Гаджи Гаджиев.
Гүлнар ТӘЖИЕВА