Щучинск – Николаевка тасжолында жол апатынан бес адам зардап шекті

Ақмола облысында Щучинск – Николаевка автожолында Ford пен Audi көліктері соқтығысып, өртеніп кетті.

Салдарынан бес адам жарақат алды. Зардап шеккендердің арасында екі әйел мен бір ер адам бар. Көліктердің бірінде кішкентай бала болған. Абырой болғанда, ол зардап шеккен жоқ, –  деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Ақмола облысында жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бірнеше адам ауруханаға жеткізілді. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, жол апаты Щучинск – Николаевка бағытына жақын зират маңында болған. Алғашқы хабарламаларда үш көлік соқтығысқаны айтылғанымен, әзірге полиция екі автомобильдің – Ford пен Audi-дің қатысуымен болған апатты растады.

Облыстық полицияның мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 8 қазанда Щучинск–Николаевка автожолында болған. Алдын ала дерек бойынша, апат салдарынан бес адам зардап шеккен.

Әлеуметтік желілерде жарияланған мәліметтерге қарағанда, оқиға орнынан кемінде үш адам – екі әйел мен бір ер адам медициналық мекемеге жеткізілген. Олардың әртүрлі жарақаттар мен дене соққыларын алғаны хабарланды. Зардап шеккендердің қазіргі жағдайы туралы әзірге толық ақпарат жоқ.

Сондай-ақ көліктердің бірінде кішкентай бала болған. Ол жол апатынан зардап шекпеген. Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері мен арнайы қызмет өкілдері жұмыс істеп жатыр. Апаттың нақты қалай болғаны, көліктердің соқтығысуына не себеп болғаны және кімнің кінәлі екені әзірге белгісіз.

Жол-көлік оқиғасының мән-жайы анықталып жатыр. Оқиғаға қатысты өзге ақпарат ресми түрде жарияланған жоқ.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы