Қайғылы оқиғадан кейін жұртшылықтың жанайқайы күшейіп, адам өміріне қатер төндіретін нысандарға жауапты қызметтердің жұмысы сын садағына қайта ілікті, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Өңірде биылғы тоғыз ай ішінде ғана тұрғындардан түскен 45 011 өтініштің 2 101-і құдықтар мен люктерге қатысты болып шықты. Қауіпті жоюға бөлінген уақыт – 24 сағат. Бірақ бір сәттік салғырттық орны толмас өкінішке ұласуы мүмкін заманда мәселе дер кезінде шешілмей, жауапты органдардың сылбырлығының салдарынан түйткілдің түйіні тарқамаған. Қауіп дабылы тұрғындармен дер кезінде қағылғанымен, құзырлы органның жылдам әрекет етпеуі қайғылы оқиғаларға ұласқан оқиғалар жиілеген.
Күні кеше Көкшетауда жоғалып кеткен төрт жасар баланың денесі ашық кәріз құдығынан табылғаны туралы суыт хабар жергілікті қоғамды дүр сілкіндірді. Әлеуметтік желіде төрт жастағы Аланның күлімдеп түскен суреті тарады. Қалың жұртшылықтың қабырғасы қайысты. Ата-аналар балаларын ойлап алаңдады. Қазір қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Оның барлық мән-жайына құқық қорғау органдары баға беруге тиіс. Алайда тергеудің аяқталуын күтпей-ақ айтатын мәселе шаш-етектен.
Ашық құдықтың адам өміріне қатер төндіретіні ешкімге құпия емес. Ендеше, мұндай қауіптің алдын алу үшін неге қайғылы оқиға болғанша күтуіміз керек? Неліктен қарапайым ғана қауіпсіздік қағидаларының орындалуы қоғамның ашу-ызасы күшейгеннен кейін ғана күн тәртібіне шығады? Бұл бір баланың қазасына қатысты эмоциялық сауал ғана емес. Жалпы, қаланың қауіпсіздігіне, коммуналдық қызметтердің жұмысына және жауапкершіліктің нақты кімге жүктелгеніне қатысты күн тәртібінде күйіп тұрған аса өзекті мәселе.
45 мың шағым – 45 мың дабыл
Ақмола облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жарияланған деректерге қарағанда, «iKomek 109» бірыңғай байланыс орталығына биылғы тоғыз айдың ішінде ғана 45 011 өтініш түскен. Бұл өткен жылдың толық көрсеткішінен 3 627 өтінішке немесе 8,8 пайызға көп болып отыр. Бір қарағанда, мұны тұрғындардың цифрлық қызметтерге қолжетімділігі артып, мәселесін жеткізу мүмкіндігі жақсарғанының белгісі деп түсіндіруге болады. Бірақ өтініш санының жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбейе түсуі жұмыстың сапасыз атқарылып, тіпті мүлде жүргізілмей жатқанын айғақтаса керек. Тұрғындарды әсіресе электрмен жабдықтау мәселесі аса қатты алаңдатып тұр. Бұл сала бойынша 4 483 өтініш түскен. Құдықтар мен люктерге қатысты шағым саны 2 101-ге жеткен. Сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша – 1 886, сумен жабдықтау бойынша – 1 432, санитарлық тазалық бойынша 1 348 өтініш тіркеліпті.
Осы сандардың ішінде әсіресе құдықтар мен люктерге қатысты көрсеткіш бейжай қалдырмайды. Себебі қоқыстың уақытында шығарылмауы немесе абаттандыру жұмысының кешеуілдеуі тұрғындардың тұрмысына қолайсыздық туғызса, ашық құдық кез келген жағдайда адамның өміріне тікелей қауіп төндіреді. Яғни, бірінші кезекте болуы тиіс қауіпсіздіктің өзі елеусіз қалғаны ащы шындық.
Халықтың алаңдаушылығын туғызған 2 101 өтініштің астарында қандай ахуал жатыр? Оның қаншасы ашық құдықтарға, қаншасы ақаулы люктерге қатысты? Ең бастысы, осы шағымдардың белгіленген мерзімде шешімін тауып, қанша қауіпті нысан қоршалып толық жөнделді? Өйткені іс жүзінде бір ғана олқылықтың дер кезінде орындалмауынан қайта-қайта шағымдануға мәжбүр болған тұрғындар қаншама? Өкінішке қарай, жарияланған деректерде бұл сауалдардың жауабы жоқ. Ал нақты нәтиже мен атқарылған жұмыстың ашық есебі болмаса, мәселенің қаншалықты шешілгенін бағалау да қиын. Әрине, барлық өтініштің сипаты бірдей емес. Олардың бәрін бірдей апаттық жағдай деп қарастыруға да болмайды. Дегенмен адам өміріне қатер төндіретін нысандарға қатысты өтініштерді жеке есепке алып, олардың орындалу барысын ашық көрсету қоғам сенімін нығайтуға, ең бастысы орны толмас қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік бермес пе еді?!
24 сағат бар. Ал жауапкершілік қайда?
«iKomek 109» орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Тұрғындар 109 нөміріне қоңырау шалып, Telegram-бот пен әлеуметтік желілер арқылы да өтініш қалдыра алады. Орталықтың міндеті – хабарламаны қабылдап қана қоймай, оны жауапты ұйымға жолдау, орындалу мерзімін бақылау және мәселенің іс жүзінде шешілгенін анықтау. Ақмола облысының Цифрландыру және архивтер басқармасына қарасты Smart Aqmola мекемесінің басшысы Дастан Әнелұланның айтуына қарағанда, өтініштер қауіп деңгейіне қарай үш санатқа бөлінеді.
– Бірінші санат – жоғары деңгейдегі өтініштер. Бұған адам өмірі мен денсаулығына тікелей немесе ықтимал қауіп төндіретін жағдайлар жатады. Олардың орындалу мерзімі 24 сағатқа дейін белгіленген және оны ұзартуға болмайды. Жол үстіндегі ашық люк, үзілген электр сымы, су құбыры желісіндегі апат немесе жолдың қауіпті зақымдануы осындай санатқа кіруі мүмкін. Екінші санаттағы өтініштер 72 сағаттан аспайтын мерзімде орындалуға тиіс. Оған қоқыстың уақытында шығарылмауы, контейнер алаңдарының толып кетуі, жарықтандыру, сумен жабдықтау немесе жол инфрақұрылымындағы кейбір кемшіліктер жатады. Үшінші, стандартты санаттағы өтініштерді орындау мерзімі 10 күнге дейін созылады. Бұлар – жоспарлы абаттандыру, аумақтарды тазалау, жасыл желектерді күтіп-баптау, шөп шабу секілді шұғыл араласуды қажет етпейтін мәселелер, – дейді Дастан Әнелұлан.
Әрине, мұның бәрі қағаз жүзінде қисынды көрінеді. Қауіп деңгейі анықталған, мерзім белгіленген, жауапты ұйымға берілетін тапсырма тайға таңба басқандай көрсетілген. Алайда жүйенің шынайы тиімділігі ереженің қаншалықты сауатты жазылғанымен емес, оның өмірде қалай орындалатынымен өлшенеді емес пе? Мәселен, ашық құдық туралы хабар түсті делік. Ол тіркеліп, жауапты ұйым анықталды. Орындау мерзімі белгіленді. Бірақ құдық сол күйі ашық жатса, осы әрекеттердің бәрі құр далбаса болмай ма?!
Қауіпті нысан туралы хабар түскен бойда оның айналасын қоршау, ескерту белгісін қою немесе өзге де шұғыл қауіпсіздік шараларын қабылдау қажет болуы мүмкін. Ал ақауды толық жоюға белгілі бір уақыт керек болса, сол аралықта адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау бірінші кезекке шығуға тиіс. Сондықтан 24 сағатты жауапкершіліктің соңғы шегі ретінде ғана қарастыру жеткіліксіз. Қауіптің сипатына қарай алғашқы әрекет әлдеқайда ерте жасалуы қажет. Өйткені құдықтың ашық жатқаны туралы хабарлама мен сол құдықтың жанынан өтіп бара жатқан баланың арасындағы уақыт кейде санаулы минуттармен ғана өлшенуі мүмкін.
Көкшетау көш бастады. Бұл нені аңғартады?
Өтініштердің географиялық бөлінісіне қарасақ та назар аударарлық дерек бар. Тоғыз айда Көкшетау тұрғындарынан 16 854 өтініш түскен. Сондай-ақ Целиноград ауданында – 4 054, Қосшы қаласы бойынша 3 721 өтініш тіркеліпті. Бұдан бөлек, Степногор, Атбасар, Аршалы және облыстың өзге де аудандары тұрғындарынан шағымдар көп.
Көкшетаудың өтініштер саны бойынша алда тұруы қаланың коммуналдық мәселелері басқа елді мекендерге қарағанда міндетті түрде көп дегенді білдірмейді. Бұған тұрғындар саны, өтініш беру белсенділігі, цифрлық қызметтерді пайдалану деңгейі және басқа да факторлар әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл көрсеткішті өздігінен жұмыстың нашарлығының дәлелі ретінде көрсету дұрыс емес. Бірақ қаладағы инфрақұрылымның қауіпсіздігіне қатысты шағымдарды жеке саралау қажеттігі анық. Қай көшеде ақау жиі қайталанады? Қандай нысандарға қатысты шағымдар бірнеше рет түседі? Қай мекемелер тапсырманы мерзімінде орындайды, ал қайсысы кешіктіреді? Осындай деректер ашық жарияланса, мәселенің түп-төркіні де айқын көрінер еді. Тұрғындардан келіп түскен әрбір хабарламаны тек статистикаға қосып қоя салу оңай. Ал оның артындағы мәселенің шынымен шешілген яки шешілмегенін тексеру әлдеқайда күрделі. Өйткені, мемлекеттік қызметтің сапасы да дәл осы тұста көрінеді.
Қайғылы оқиғадан кейін ғана қимылдаймыз ба?
Көкшетаудағы қайғылы оқиға қоғамның назарын ашық құдық мәселесіне тағы аударды. Бірақ қоғамдық резонанс басылғаннан кейін қауіпсіздікке қатысты талаптардың да көмескі тартпағаны маңызды. Бүгін бір құдықтың маңындағы қауіп туралы айтсақ, ертең басқа көшедегі ашық люк, қоршалмаған құрылыс алаңы немесе үзілген электр сымының салдарынан суыт хабар тарауы мүмкін. Осындай оқиғалардың әрқайсысынан кейін ғана тексеріс басталып, жауапты қызметтер шұғыл әрекетке көшетін болса, онда алдын алу жұмыстарының тиімділігі қалай болмақ?
Әрине, Көкшетаудағы баланың өліміне қатысты нақты жауапкершілік мәселесі тергеу нәтижесіне, анықталған фактілерге және уәкілетті органдардың қорытындысына сүйеніп шешілуге тиіс. Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы толық анықталмай тұрып, белгілі бір мекемені немесе адамды кінәлау орынсыз. Бірақ бұл сақтық коммуналдық қауіпсіздікке қатысты жүйелі сұрақтарды көтеруге кедергі болмаса керек. Егер қауіпті нысан туралы шағым бұрын түскен болса, ол қашан тіркелді? Қай мекемеге жолданды? Қандай шара қабылданды? Ал шағым болмаған жағдайда, жауапты ұйымдардың өз аумағындағы қауіпті нысандарды анықтау және жою жөніндегі жұмысы қалай ұйымдастырылғаны назарға алынса мәселе дер кезінде шешімін таппас па еді. Бұл сауалдар кінәлі іздеу үшін ғана емес, келесі қайғылы жағдайдың алдын алу үшін де қажет.
Қағаздағы есеп емес, көшедегі қауіпсіздік керек
Иә... «iKomek 109» орталығының жұмысы тұрғындар мен жауапты мекемелер арасындағы байланысты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Алайда байланыс арнасының тиімділігіне тек қабылданған өтініштердің саны арқылы баға беру жеткіліксіз. Нақты нәтиже үшін орындалған өтініштердің үлесі, мерзімінен кешіккен тапсырмалар, қайта түскен шағымдар және адам өміріне қауіп төндіретін ақаулардың жойылу уақыты секілді көрсеткіштер де қажет. Әсіресе, ашық құдықтар мен люктерге қатысты өтініштер бойынша қоғамға түсінікті есеп ұсынылса, тұрғындар мәселенің қалай шешіліп жатқанын көре алар еді. Қай қауіпті нысан анықталды, ол қашан қоршалды, қашан жөнделді, жұмысқа қай мекеме жауапты болды? Мұндай ақпарат жауапкершілікті нақтылап қана қоймай, алдын алу шараларының сапасын бағалауға да мүмкіндік береді.
Расында да, бір ашық құдықтың қақпағын жабу – көзге көріне бермейтін, бірақ адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. Оған салтанатты жиын да, дабыралы есеп те қажет емес. Ең бастысы, дер кезінде әрекет етіп, қауіптің алдын алу. Ақмола облысында тоғыз айда тіркелген 45 011 өтініштің әрқайсысы – тұрғындардың шешімін күткен назардан тыс қалдыруға болмайтын дабыл. Ендігі міндет – осы сандардың артында нақты нәтиже бар екенін дәлелдеу. Қауіпті нысандар жойылып, жауапты мекемелер міндетін мінсіз атқаруға тиіс. Халыққа керегі – қабылданған өтініштің саны емес, аман сақталған өмір маңызды. Ал бір баланың қазасынан кейінгі ең үлкен сабақ – қайғылы оқиғаның алдын алу үшін енді ешкімнің құрбан болмауы тиіс.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.