«STEM-Ұстаз» мұғалімдердің цифрлық дамуына тың серпін беруде

Осыдан тура үш жыл бұрын Алпамыс Қазбанбетов шәкірттерімен бірге халықаралық робототехника жарыстарына қатыса бастады.

2024 жылы олар Robotek Grand Tournament халықаралық чемпионатынан «Үздік ауыл командасы» кубогымен оралды. Ал 2025 жылы қола жүлдегер атанса, 2026 жылы чемпиондық атақты жеңіп алды. Жетісу облысының Ақсу ауданында STEM білім берудің халықаралық стандарттарын енгізіп жүрген Алпамыс робототехникада жетістікке жетуге әр баланың мүмкіндігі тең екеніне сенімді,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Екі жыл бұрын Ақмола облысының Макинск ауданындағы информатика пәнінің мұғалімі Артем Цимбал «Гостиная LITER» алаңында Никольское ауылында да, Астанада да жетістікке жетудің басты шарттары тұрақты интернет пен білікті ұстаз екенін айтқан еді.

«STEM-Ұстаз» білім беру бастамасының мақсаты – қала мен ауыл оқушыларына цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллект дағдыларын меңгеруге тең мүмкіндік жасау, сондай-ақ қазақстандық мектептерді жаһандық Alem.AI жүйесіне кіріктіру. Бұл – мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жаңа деңгейге көтерудің нақты мүмкіндігі. Жасанды интеллектпен жұмыс істеуді меңгерген бүгінгі оқушылар ертең цифрлық әлемде сұранысқа ие болады», – деп атап өтті Астанадағы Robotek мектебінің бас директоры Санжар Шалқарбеков.

Биыл Алпамыс Қазбанбетов жаңа оқу жылын «STEM-Ұстаз» жобасының шаңырағында қарсы алды. Robotek пен ExxonMobil компаниясы бірлесіп жүзеге асырып жатқан республикалық бастама өңірлерді аралап, бесінші аялдамасы – Талдықорғанға жетті.

Мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттыруды көздеген ауқымды бағдарламаның былтыр Абайдың мерейтойы тұсында, ұлы ақынның туған топырағында, Наурыз мерекесінде бастау алуы да тегін емес. Осылайша алғашқы қадамын жасаған «STEM-Ұстаз» бастамасы кейін батыс өңірге қанат жайып, Атырау мен Оралдағы робототехника мұғалімдерін қамтыды. Елордалық командадан тәлім алған Ақмола облысының мұғалімі Артем Цимбал мен ақтаулық Назира Телбаева да робототехника саласындағы білімін тереңдетіп, кәсіби тәжірибесін молайтты. Ал бағдарламаның әр кезеңіне еліміздің түкпір-түкпірінен педагогтер онлайн қосылды.

Талдықорғанда Алпамыс Қазбанбетов пен оның әріптестеріне «STEM-Ұстаз» бағдарламасын аяқтағаны туралы сертификаттар табысталды. Марапаттау рәсімі алдағы Digital Bridge цифрлық саммиті қарсаңында елімізде алғаш рет қолға алынған AI Month бастамасымен тұспа-тұс келді.

«Оқу бағдарламасында робототехниканы бастапқы деңгейден спорттық бағыттарына дейін үйретудің негізгі тәсілдері қамтылды. STEM білім беру әдістемелерімен қатар, мұғалімдер үшін аса маңызды саналатын оқушыларды техникалық жарыстарға дайындау жолдарына ерекше көңіл бөлінді. Айта кетерлігі, тегін курстың 80 пайызы тәжірибелік сабақтарға арналған. Өйткені шәкірттерімізді цифрлық дәуірдің сын-қатерлеріне дайындау үшін, ең алдымен, өзіміз бүгінгі заман талаптарына сай болуымыз керек», – дейді ақтаулық педагог Назира Телбаева.

«Біз бүкіл әлемде STEM білім беруді қолдаймыз. Өйткені бүгінгі оқушылардың болашақтағы жетістігі осы бағыттағы білім мен дағдыларға байланысты. Республикалық жоба олардың жасанды интеллект саласындағы әлемдік үрдістерге ілесуіне, болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына және халықаралық деңгейдегі білікті инженер маман болып қалыптасуына жол ашады», – дейді әлемнің түрлі елдерінде STEM білім беруді дамытуға үлес қосып жүрген ExxonMobil компаниясының қоғаммен және мемлекеттік органдармен байланыс бөлімінің жетекшісі Айнұр Мұсабекова.

Бүгінде «STEM-Ұстаз» мұғалімдердің цифрлық біліктілігін шыңдап, кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Ауқымды әлеуметтік бастама еліміздің барлық өңірінде STEM білім беруді дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасына айналды.

«STEM-Ұстаз» жобасының шаңырағында білімін жетілдірген әрбір педагог бүгінде алған тәжірибесін өз мектебінде кәдеге жаратып, әріптестерімен бөлісуде. Бағдарлама мұғалімдерге ғана емес, олардың шәкірттеріне де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Олар өзге де цифрлық бастамаларға, республикалық және халықаралық чемпионаттарға қатыса алады. Қазақстандық білім беру технологияларын әлемге танытып, шетелге тарату ісімен жүйелі айналысып келе жатқан Robotek компаниясының халықаралық серіктестері де болашаққа бағдарланған бұл отандық жобаға қызығушылық танытты. Осылайша «STEM-Ұстаз» еліміздің жаһандық цифрлық кеңістікке және Alem.AI экожүйесіне кірігуіне жол ашып келеді.

Мектеп өміріне цифрлық технологиялардың енуі қандай өзгеріс әкеледі? Alem.AI мүмкіндіктері ауыл мұғалімдеріне қаншалықты қолжетімді? Бүгінгі жоғары сынып оқушылары жасанды интеллектке қаншалықты сенеді? Ал Марсқа алғаш қоныстанатындар роботтар болады дегенге сенімді ме? «STEM-Ұстаз» педагогтердің білімі мен біліктілігін шыңдауға бағытталған жұмысын жалғастыра бермек.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.