Еуразия ұлттық университетінде «Алтын Орда: тарихқа жаңа көзқарас» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Іс-шара Жошы ұлысы – Алтын Орда тарихын цифрлық медиада насихаттау және тарихи-ағартушылық контент авторларын қолдау мақсатында ұйымдастырылды.

Астана қаласында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Күлтегін» атриумында «Алтын Орда: тарихқа жаңа көзқарас» тарихи контент байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шара Жошы ұлысы – Алтын Орда тарихын цифрлық медиада насихаттау және тарихи-ағартушылық контент авторларын қолдау мақсатында ұйымдастырылды.

Байқауды Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі ұйымдастырды. Жобаға 16 жастан асқан қатысушылар, соның ішінде мектеп оқушылары, студенттер қатысты.

2026 жылғы 8 қыркүйек-3 қазан аралығында өткізілген байқау тарихи деректерді көпшілікке түсінікті әрі тартымды цифрлық форматта жеткізуге бағытталды. Қатысушылар Алтын Орда кезеңіндегі оқиғалар мен тұлғаларды, тарихи-мәдени мұра мен мемлекеттілік дәстүрлерін TikTok, YouTube, Instagram және басқа әлеуметтік желілердегі шығармашылық жұмыстарында көрсетті.

Байқау төрт номинация бойынша өтті: «Үздік TikTok ролигі», «Үздік YouTube жоба», «Үздік подкаст» және «Үздік тарихи пост». Жұмыстарды тарих және медиа салаларының мамандарынан құралған қазылар алқасы тарихи дәйектілік, дереккөздердің сенімділігі, креативтілік, тақырыпты ашу тереңдігі, техникалық сапа және аудиториямен өзара әрекеттесу өлшемдері бойынша бағалады.

«Үздік тарихи пост» номинациясында I орын Жанель Төлеубекова мен Арайлым Мырзаханға, II орын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің өкілі Айдана Бахтиярға, III орын Айбек Бекболатұлына берілді.

«Үздік TikTok ролигі» номинациясында I орынды Гүлназ Асылханқызы, II орынды Аймөлдір Қарқын, III орынды Махаббат Орынбасарова мен Нұрдәулет Әлеқуов иеленді.

«Үздік подкаст» номинациясында I орын 11-сынып оқушысы Жұлдыз Ерболға, II орын Дильназ Рафаилова, Аружан Нұрмаханова, Айкөркем Ғалымжан және Рамазан Орынбасардан құралған шығармашылық топқа берілді.

«Үздік YouTube жоба» номинациясында I орын Жұлдыз Оразхан, Ғазиза Ерланова, Ақбота Мамырбек, Нұрасыл Қалибек және Айдархан Райхановтың шығармашылық тобына, II орын Жәмила Жасан, Талшын Ержанова, Дилназ Қалиқанова және Әсел Сарсенбек ұсынған жобаға берілді.

Бірқатар қатысушылар тарихи тақырыпқа қызығушылық танытып, байқауға белсенді атсалысқаны үшін алғыс хаттармен атап өтіледі. Марапаттау рәсімінде жеңімпаздарға дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталды.

Байқаудың маңызы – тарихи мұраны жаңа медиа тілінде таныстыру, жастардың дерекке негізделген контент жасау дағдыларын дамыту және ғылыми білім мен цифрлық коммуникация арасындағы байланысты нығайту. Бұл бастама Жошы ұлысының тарихи мұрасы мен қазақ мемлекеттілігі дәстүрлерін кеңінен танытуға ықпал етеді.