Еуразияның ықпалдастық орталығы

Президент Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ Консультативтік кездесуіне қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан мен Орталық Азия елдері Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келген бүгінгі отырыстың символдық мәні ерекше еке­нін атап өтті.

– Осы жылдар ішінде тұтас дәуірді қам­тыған ұзақ әрі сындарлы, сонымен қа­тар жемісті жолды ең­сер­дік. Егемен­ді­гі­мізді ны­ғайтып, дамудың төл мо­делін қа­лыптастырдық. Халық­ара­лық қоғам­дас­тық­та лайық­ты орынға ие бол­дық. Бүгінде Орталық Азия мен Әзербайжан Еу­ра­зиядағы өсіп-өркендеп келе жатқан геосаяси ықпалдастық орталығы саналады. Ең бастысы, бауырлас халық­тары­мыз­дың парасаты мен ынтымақ-бірлі­гі­нің арқа­сында бейбітшілік пен келі­сім ор­наған қоғамда өмір сү­ріп жатырмыз. Ауыз­б­ір­шілік, өзара қолдау мен се­нім осы заманның сын-қа­терлеріне төтеп бе­ру үшін ортақ стратегиялық тіре­гімізге ай­налды. Бұл үрдістер геосаяси шиеленіс пен жікке бөліну күшейіп, халықаралық қатынастар құрылымы өзгеріске ұшы­ра­ған тұста өте өзекті, – де­ді Мемлекет бас­шысы.

Президент Консуль­та­тивтік кездесуге қатысу­шы­ларға өңірдегі ықпал­дас­­тықтың негізгі мәсе­ле­лері бойынша Қазақстан­ның ұстанымын жеткізді.

– Бірлескен күш-жігер­дің арқасында сауда-эко­но­микалық ынтымақтас­тығы­мыз­дың мазмұны жыл өткен сайын толы­ғып ке­леді. Бірлескен кәсіпо­рын­дар саны көбейді, іскерлік бай­ланыс нығая түсті. Өнер­­­кәсіп, машина жасау, энер­гетика, ауыл шаруашы­лы­ғы секілді секторларда ау­қымды жобалар жүзеге асырылуда. Сауда кедер­гі­лері бірте-бірте жойылып, ше­караларда жаңа өткізу бе­кеттері ашылып жа­тыр. Автокөлік және теміржол бай­ланысы кеңейіп келеді. Дегенмен, біздің пайым­дауы­­мызша, ішкі нарық әлеуеті әлі де зор. Был­тыр өңір ішіндегі сауда көлемі ша­мамен 13 миллиард дол­лар­ды құрады. Бұл ел­дері­міздің жалпы тауар ай­на­лы­мының 8 пайызына жуық. Сондықтан үкімет­тері­­мізге өзара сауда үлесін арт­тырып, осы көр­сеткішті ке­мінде 20 миллиард дол­ларға жет­кізу үшін бірле­с­кен іс-қимыл жоспарын әзір­леу және қабылдау жө­нінде міндет жүк­теген дұ­рыс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы аймақтағы елдер­дің шекара маңында құрылған сауда-ло­гис­тика кешендері мен өнеркәсіп кооперациясы орталықтары мол мүмкіндікке жол ашатынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан көлік инфрақұрылымын дәйекті түр­де дамытып келеді. Бұл өңірлік қарым-қа­тынас аясын кеңейтеді.

– Мойынты–Қызылжар және Дарба­за–Мақтаарал теміржол желілерінің құ­рылысы аяқталуға таяу. Келесі жылы Бақ­ты–Аягөз бағыты ашылады. Бұл – өте маңызды, тіпті стратегиялық сипа­ты бар бағ­дарлар. Қытайды Каспий теңізімен жә­не Еуропа нарығымен байланыстыратын Арал–Каспий магистралінің құры­лы­сы басталды. Қазақстанның көлік инф­ра­құры­лымын ауқымды түрде жаңғырту тұтас аймақтың транзиттік рөлін күшейте тү­сетініне сенімдімін. Транскаспий ха­лық­аралық көлік дәлізін дамытуға баса мән беріледі. Соңғы жылдардың динамикасы Орта дәлізге сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Ресеймен ын­ты­мақтастық тұрғысынан Солтүстік–Оң­түс­тік бағыты да Қазақстан үшін өзекті, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Дүниежүзілік банк­тің бағалауынша, жоспарланған инф­ра­құры­лымдық міндеттер толық жүзеге асырылса, 2040 жылға қарай Каспий арқылы жүк та­сы­малы төрт есе ұлғаятынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, су проблемати­касы – Орталық Азия тұ­рақ­тылығына қа­тер төндіретін басты сы­нақ­тардың бірі.

– Алдымызда трансшекаралық су ре­сурс­тарын басқарудың тың тәсілдерін әзір­леу міндеті тұр. Бұл жұмыста өзара құр­мет, теңқұқылық қағидаттары негізге алы­нып, аймақтағы барлық елдің мүддесі ес­ке­рілуі керек. Орталық Азияның су пайда­ла­ну бойынша негіздемелік конвенциясын қабылдау ынтымақтастықтың жаңа өңір­лік архитектурасын қалыптастыратын ал­ғашқы қадам болар еді. Құжат жобасы та­раптардың қарауына ұсынылды. БҰҰ ая­сында Халықаралық су ұйымын құру бас­тамасы өте өзекті. Оны халықаралық, атап айтқанда, Орталық Азияның ортақ ұс­танымы ретінде бірге ілгерілету су ресурс­тарын басқарудың жаһандық жүйесіне қос­қан үлесіміз болмақ, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев жа­санды интеллект саласындағы ынты­мақ­­тастықтың маңызына тоқталды.

– Қазақстан жасанды интеллектінің бір­­тұтас экожүйесін дәйекті түрде құра бас­тады. «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды. Digital Qazaqstan страте­гиясы жүзеге асырылуда. Суперкомпью­тер кластері іске қосылды. Alem.ai ха­лық­ара­лық орталығы жұмыс істеп тұр. Бұл та­қы­рып өте өзекті. Осыны ескеріп, жасан­ды интеллект бойынша Орталық Азия се­ріктестігін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсы­намын. Оның аясында елдеріміздің ғы­лыми орталық-тары, университеттері, тех­нологиялық компаниялары ақпарат пен тә­жірибе алмаса алады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент дүрбелеңге толы дү­ниеде аймақтағы бейбітшілік пен тұрақ­ты­лықты сақтау басты міндет екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гу­манитарлық қарым-қатынасты терең­де­­­туге баса назар аударды. Сондай-ақ ай­мақ ел­дерін бай тарихи-мәдени мұра бірік­тіре­ті­нін жеткізді.

– Соңғы жылдары мәдени байланыс­та­рымыз айтарлықтай жандана түсті. Көр­мелер, кинофестивальдар, форумдар, еске алу кештері өткізіліп жатыр. Жастардың, жоғары оқу орындарының және ғылыми қауымдастықтың арасындағы қарым-қа­тынас, шығармашылық қауымның ті­­келей диалогы арқылы осы үрдіске тың серпін беру керек. Бірыңғай ақ­па­раттық кеңістікті қалыптастыру ынтымақтастығымызды те­реңдете түседі. Қазақстан отандық Silk Way телеарнасы жанынан аймақтық телеарна ашу туралы бастама көтерді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент волонтерлік қозғалыс гу­ма­нитарлық ықпалдастықтың құрам-дас бөлігі болуы керек деп пайымдайды.

– Еліміздің «Таза Қазақстан» жалпы­ха­­лықтық жобасын іске асырудағы тәжіри­бесін аймақтық деңгейде қолға алуға болады. Бұл бастама жастарды адамгершілік жә­не азаматтық құндылықтарға баулиды. Сондықтан келесі жылы «Орталық Азия – ізгі істер мекені» деген ұранмен во­лон­тер­лік мәселесіне қатысты жастар форумын өткізуді ұсынамын. Аймақтағы ішкі туризмнің дамуы арқылы халықтардың бір-бірімен араласуына, елдеріміздің та­ри­хымен және мәдениетімен танысуға жол ашылды. Біз Орталық Азия мен Әзер­байжандағы ауқымды мәдени, ғылыми, спорттық және туристік іс-шараларының бірыңғай күнтізбесін жасауды ұсынамыз. Бұл барыс-келісті арттырып, бірлескен тур­лар аясында шетелдік туристерді көп­теп тартуға мүмкіндік береді. Жоға­ры­да айтылған ұсыныстар өңірдегі ын­ты­мақтастықтың берік гуманитарлық тұ­ғырын қалыптастырады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөз соңында Кон­сультативтік кездесулерді жетілдіру мә­се­лесін қозғады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға жұ­мыс сапары аясында Сердар Бер­дімұха­медов­пен кездесті.

Кездесуде тараптар ықпалдастықтың бар­лық бағытында оң динамика байқа­ла­ты­нына тоқталды.

Мемлекеттер басшылары бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды, сон­дай-ақ энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруа­шылығы, көлік және басқа да салалардағы бірлескен перспективті жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады.

ТМД мемлекеттері басшылары ұлттық та­ғамдар фестивалін тамашалады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ТМД мемлекеттері басшылары ұлттық тағамдар фестивалін аралады.

Мемлекеттер басшыларына ТМД-ға мү­ше елдердің ұлттық тағамдарын әзірлеу бары­сы таныстырылды.

Фестиваль аясында президенттердің қа­тысуымен Ұйымға мүше мемлекеттер ара­сында өткен «Жүйріктің шабысы: күш пен сымбат» атты телевизиялық фильмдер байқауының жеңімпаздары марапатталды.