Каспий – тіршілік торабы

Мемлекет басшысы Каспий экология саммитінде сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Каспий экология сам­митін өткізу туралы өзекті бастаманы дер ке­зін­де көтерген Түрікменстан Президенті Сердар Берді­мұха­медовке ризашылығын жеткізді. Мемлекет басшысы Каспий теңізінің аймақ халқы үшін стратегиялық маңызы зор екеніне тоқ­талып, бүгінгі кездесудің та­ри­хи сипатын атап өтті.

– Каспий – бірегей та­би­ғи қазына, миллиондаған адамның тіршілік көзі, күл­лі Еуразия құрлығын­да­ғы не­гізгі көлік және энергетика торабы. Сондықтан теңіз экожүйесін сақтауға, ең алдымен, біздің мемле­кет­теріміз мүдделі болуы керек. Осы орайда, мұны тек эко­логиялық дағдарыс емес, салдары өте қауіпті эко­номикалық ахуал деп бағалаған Иран Президенті Масуд Пезешкиан мыр­за­ның пікірін құптаймын. Егер қазір жедел әрі батыл шаралар қабылданбаса, экологиялық жағдай күрт нашарлауы ықтимал. Бұл Каспий маңында орна­лас­қан елдердің халқына ғана емес, әлемдік қоғамдас­тық­қа да зардабын тигізеді. 2000 жылдан 2025 жылға дейін тартылған теңіз ау­ма­ғы 16 мың шаршы шақы­рым­нан асты. Жекелеген учас­келерде су жағадан он­даған шақырымға дейін алыстап кеткен. Каспийге келіп құятын өзен суының азаюы, климаттың жылынуы, антропогендік жүк­те­ме­нің артуы нәзік табиғи жүйе мен теңіздің биоалуан­түрлілігіне өте жағымсыз әсер етіп, орасан нұқсан кел­тіреді. Каспий итбалық­тарының ахуалы қатты алаң­датады. Соңғы ғасырда олардың саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президен­ті­нің айтуынша, Каспийдің мүшкіл халін аймақтағы ау­қымды климаттық өзге­ріс­тен бөліп қарауға болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы ғасырдың соңы­­на қарай өңірдің кей жер­ле­рінде температура 5 гра­дус­қа дейін көтерілуі мүм­кін деп болжанғанын жет­кізді.

– Бұл мұздықтардың еруін тездетіп, су тап­шы­лы­ғына, қуаңшылыққа және жердің тозуына әкеп соға­ды. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2050 жылға қарай өңірдегі шамамен 2,5 миллион адам климат фак­торларының әсерінен қо­ныс аударуға мәжбүр болуы мүм­кін. Каспий теңізінің тартылуы ке­ме қатынасына және порт инф­ра­құрылымына, сондай-ақ балық шаруашылығы, энергетика, өнер­кәсіп сияқты салалар мен жағадағы ел­ді мекендердің орнықты дамуына қатер төндіреді. Әңгіме салдары ауыр, тіпті ауқымды экологиялық апат­қа ұрындыратын күрделі сын-қатерлер туралы болып отыр. Қа­зақстан мұндай олқылықтың ор­ны толмайтынын жақсы түсінеді. Арал қасіреті табиғатты жауапсыз пайдаланудың соңы қайда апарып соғатынын ұдайы еске салады. Ондай жағдайдың қайталануына еш­қашан жол бермеу керек. Бір кез­дері «Ұлы теңіз», «Қарт Кас­пий» деп ардақтаған айдынды сақ­тап қалу – замандас мемлекет қайраткерлері үшін жауапкершілік қана емес, арымызға сын. Келер ұрпаққа не қалдырамыз деген ой мазалайды. Балаларымыз бен немерелеріміздің Каспийді қан­дай күйде көретіні бүгінгі қабыл­дайтын шешімдерімізге тікелей байланысты, – деді Мемлекет бас­шысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан­ның экологиялық түйткіл­дер­ге халықаралық және ұлттық де­ң­гей­де ерекше назар аударып отыр­ғанына тоқталды.

Мемлекет басшысы орны тол­мас­тай көрінген апаттан кейін та­биғатты қайта түлетуге қатысты жар­қын мысалдар келтірді.

– Біз Солтүстік Арал теңізінің ай­дынын 36 пайызға ұлғайта ал­дық. Соның нәтижесінде судың са­­­­­пасы жақсарып, балық қоры қай­та қалпына келді. Теңіз маңын­дағы аумақтардың тұрмыс-тір­шілігіне қан жүгірді. Биоалуан­түр­лілікті сақтау – экологиялық сая­са­тымыздың маңызды бағыты. Дәйек­ті шаралардың арқасында киік саны өсті. Қар барысының по­­пуляциясы сақталып отыр. Жа­нуар­лардың сирек түрлері табиғи ор­таға оралуда. Осы оң тәжірибені Каспий теңізінің бірегей эко­жүйе­сін сақтау үшін қолдануға болады деп ойлаймыз. Біз Тұран жолбары­сын қалпына келтіруді көздейтін ар­­найы бағдарламаны қолға ал­дық. Осы орайда, бірнеше Амур жол­ба­рысын елімізге жерсіндіруге бер­ге­ні үшін Президент Владимир Пу­­тинге және Ресей Федерация­-сы­­ның Үкіметіне ризашылығым-ды біл­діремін. Қазір олар жергілік-ті та­­биғат жағдайына ойдағыдай бейім­­делуде, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Каспий ынтымақ­тас­тығының берік халықаралық құқықтық және институционал­дық негізі қалыптасқанын мәлім­деді.

– Тегеран конвенциясының мә­ні зор. Биыл оның күшіне енге­ні­не 20 жыл толды. БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы табиғатты қор­ғау жұмысына айтарлықтай үлес қосып келеді. Қазақстан премьер-ми­нистрлердің орынбасарлары дең­гейінде Каспий теңізінің тартылуына қатысты үкіметаралық ко­миссия құру жөніндегі Әзер­байжанның ұсынысын қолдайды. Каспий маңындағы елдер Теңіздің су ресурсын сақтау бойынша мем­л­екетаралық бағдарлама әзірлеу туралы Қазақстанның бастамасын мақұлдады. Барша халықаралық серіктесіміздің, әсіресе Каспий айналасындағы көршілеріміздің жұмысын жоғары бағалаймыз. Алайда қолға алынған шаралар әзір­ге жеткіліксіз. Теңіздің тартылу салдарын жеңілдетіп, экономика мен экожүйенің өзгерістерге бейім­делуіне көмектесу үшін үй­лесімді әрекетке көшетін уа­қыт ке­лді, – деді Мемлекет бас­шы­сы.

Қасым-Жомарт Тоқаев саммит қатысушыларының назарын бір­қатар негізгі бағытқа аударды. Президент экологиялық қауіп-қа­терді дер шағында анықтап, алдын алу үшін бірізді ғылыми тәсіл керек деп есептейді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Каспий эко­жүйесін басқаруға арналған заманауи технологияларды қолдану­дың өзектілігіне баса мән берді.

Президент Каспийдегі биоа­луан­түрлілікті сақтау үшін қосым­ша шараларды қолға алудың маңы­зына тоқталды. Оның пікірін­ше, теңіздің тартылуы, табиғи өмір сү­ру ортасының өзгеруі, ластану жә­не антропогендік жүктеменің ар­туы уылдырық шашатын орындарды қалпына келтіру, сондай-ақ өзен аңғарларындағы экожүйені, флора мен фаунаның ерекше осал түр­лерін қорғау жұмыстарын кү­шейтуді талап етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Кас­пий теңізін сақтауға және анағұр­лым перспективті жобалардың пулын қалыптастыруға халықара­лық деңгейде күш салу қажет еке­нін атап өтті. Бұдан бөлек, Мемле­кет басшысы Тегеран конвен­ция­сы­ның тұрақты Хатшылығын то­лық жасақтау өте маңызды деп са­найды.

Президент атап өткендей, Кас­пий – мемлекеттік шекараға ба­ғынбайтын біртұтас экожүйе. Сондықтан халықаралық ұйымдар және қаржы нарықтары аясында үйлесімді іс-әрекет болмаса, та­быс­­қа жету мүмкін емес.

– Бізде жемісті жұмыс атқаруға қа­жеттінің бәрі бар. Яғни саяси диалог орнаған, халықаралық-құ­қықтық база, салалық институттар мен айтарлықтай ғылыми әлеует қалыптасқан. Бірлескен күш-жі­гер­дің арқасында халық­тары­мыз­дың тіршілік көзі мен баянды бо­лашағының кепілі саналатын Кас­пий теңізін сақтай алатыны­мыз­ға сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.