Басты міндет – халықтың талап-тілегін тыңдай білу

Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов еліміздің қоғамдық кеңестерінің өкілдерімен кездесу өткізді. Күн тәртібінде Мемлекет басшысының институттардың өкілеттіктерін кеңейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру және өзара іс-әрекеттің негізгі бағыттары бойынша бірлескен қадамдар әзірлеу мәселелері қаралды.

Мемлекет басшысының тап­сырмалары аясында Халық Кеңесінің мүшелері өңірлік Қоғамдық кеңестермен тығыз байланыстың маңыздылығын атап өтті. Конституциялық заң­ға сәйкес, Халық Кеңесінің қыз­меті жергілікті деңгейдегі қо­ғамдық кеңестер арқылы қам­тамасыз етіледі. Мұндай серік­тестік бірден бірнеше салада белсенді жұмыс істеуге ба­ғытталған.

«Мемлекет басшысы өңір­лермен қоғамдық кеңестер ар­қылы берік байланыс орнату міндетін қойды. Бұл бізге жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Әр адамның пікірі ескеріліп, әр азамат елдік мәселелерді тал­қы­лауға өз үлесін қоса алады. Біз­дің басты міндетіміз – ха­лық­тың үніне дер кезінде құ­лақ асып, талап-тілегін тың­дай білу. Алдағы уақытта осындай басқосуларды тұрақты түр­де өт­кіземіз. Ортақ мақсат­қа қол жет­кізу үшін өздеріңіз­бен бір­ле­сіп жұмыс атқаратын бо­ла­мыз», – деді Ерлан Қоша­нов. 

Қоғамдық сараптаманың әлеуетіне – еліміздің түкпір-түк­піріндегі 228 кеңес пен 3,5 мың­ға жуық қатысушының тә­жірибесіне сүйене отырып, Қа­зақстан Халық Кеңесінің мін­деті – өңірлерден келіп тү­се­тін сан алуан ұсыныстар мен мәселелерді жалпыұлттық күн тәртібіне біріктіріп, нақты ше­шім­дер әзірлеу. Осы мақсатта бейінді комитетке Хатшы­лық­пен бірлесіп, деректерді тұрақ­ты түрде жинау тетігін жолға қою тапсырылды. Жүйелі проб­­­лемалардың бірыңғай кар­­тасын жасау өңірлік сын-қа­терлерді нақты көруге және қан­дай мәселелер бойынша жұ­мыс тәжірибесін өзгерту, Үкі­мет шешімдерін қабылдау не­м­есе заңдарға түзетулер ен­гізу қажет екенін жедел ай­қын­дауға мүмкіндік береді.

2015 жылы қабылданған қол­даныстағы «Қоғамдық кеңес­тер» туралы заңға кешен­ді түгендеу жүргізу қажет еке­нін айта отырып, Халық Кеңе­сі­нің Төрағасы оның нормаларын Халық Кеңесі туралы Конс­титуциялық заңмен байланыстыру үшін бейінді комитет жанынан арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды.

Сонымен қатар шешімдер қа­былданғанға дейін міндетті қо­ғамдық сараптама жүргізу мен ықтимал тәуекелдерді ба­ғалауды көздейтін «нөлдік оқы­лым» тетігіне ерекше назар ау­дарылды. Әсіресе мемлекет­тік бағдарламалар мен нор­ма­тивтік актілерді әзірлеу кезінде бұл тәсілді қолдану маңызды еке­ні атап өтілді. Қоғамдық кеңестердің алдындағы нақты жауапкершілікті арттыру мақ­сатымен мемлекеттік орган­дардың басшыларына олардың ұсынымдарының орындалуы бойынша кеңестер алдында жеке есеп беру міндетін заң­на­малық тұрғыдан бекіту ұсы­ныл­ды. Сондай-ақ өңірлердегі үздік тәжірибелерді кеңінен тарату және ортақ мәселелерді бір­лесіп шешу үшін қоғамдық кеңес­тер арасындағы көлденең ынтымақтастықты дамыту маңыз­­ды міндеттер ретінде ай­қындалды. Бұдан бөлек, өңір­лердегі нақты ахуалды көр­се­тетін әрі жалпыұлттық күн тәр­тібін қалыптастыруға се­нім­ді негіз болатын жыл сайын­ғы талдамалық «Қоғам баян­да­ма­сын» әзірлеу ұсыныл­ды. Оты­рысқа  Президент жа­нын­дағы Қазақстан страте­гия­лық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов, «Қазақстандық қоғам­дық даму институты» КЕАҚ Басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова және басқа да тұлға­лар қатысты.