Нақтырақ жеткізсек, биыл бағдарламада 2008-2025 жылдар аралығында дүниеге келген 6 918 656 бала қамтылған. Жыл қорытындысы бойынша оларға Ұлттық қордың инвестициялық табысынан 900 млн доллардан астам қаражат бөлінді. Яғни әр балаға орта есеппен 130,71 доллардан аударылған.
Осы тұста 18 жастан асқан азаматтар Ұлттық қордан алған еншісін пайдаға жарата бастағанын тілге тиек етейік. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға қатысты мақұлданған 158 774 өтінім бойынша 26,3 млн доллар есептелген. Ал білім алуға ақы төлеу үшін 94 068 өтінім түсіп, 15,5 млн доллары пайдаға жараған екен. Бұған дейін 2024 жылғы ақпаннан 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жалпы сомасы 31,61 млн долларды құрайтын 205 505 өтінімнің орындалғаны хабарланған еді. Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған 127 445 өтінім бойынша 19,69 млн доллар жұмсалса, білім алуға ақы төлеуге қатысты 78 060 өтінім бойынша 11,92 млн доллар пайдаланылған.
Биыл елордада өткен Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды қорғау және олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау аса маңызды міндет әрі мемлекет саясатындағы негізгі басымдықтың бірі екенін еске салған болатын.
– ЮНИСЕФ Қазақстанның осы салада Орталық Азия елдеріне ғана емес, Еуропадағы бірқатар мемлекетке үлгі бола алатынын мәлімдеп отыр. Бұл халықаралық ұйымға ризашылығымды білдіремін. Шын мәнінде, біз бұл бағытта көп жұмыс атқардық, – деді Президент.
Жалпы, балаларға аударылған қаражат көлемі жыл сайын өсіп жатыр. Бұны сандардан байқауға болады, мәселен, 2024 жылы қазақстандық балаларға 695,5 млн доллар аударылса, 2025 жылы 888,8 млн долларға артты. Ал биыл 901,7 млн долларға жетті. Көп ұзамай жылдық аударым 1 млрд доллардан асатынына сенім мол.
Бұл тұста жыл басынан бері елімізде «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы жүзеге асырыла бастағанын қоса кетейік. Құжатта өскелең ұрпақты қолдауға арналған шаралардың бәрі көрініс тапты. Барлық аймақта балалардың құқықтарын қорғау басқармалары, сондай-ақ психологиялық қолдау орталықтары құрылды. Бұған қоса, инклюзивті білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді.
М.Жалғасұлы