Атырауда 250 әйел сүт безі обырының алдын алу бойынша тексеруден өтті

Ұйымдастырушылар мұндай шаралар әйелдердің денсаулығына көңіл бөліп, аурулардың алдын алуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

Атырау қаласындағы №7 емханада «Әйел өмірі үшін» республикалық айлығы аясында ашық есік күні өтті. «Әділет» партиясы облыстық филиалы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен өткен шарада әйелдер онколог-маммолог пен акушер-гинеколог дәрігерлерінен кеңес алды.

№7 емхананың профилактикалық бөлімінің меңгерушісі Мәдина Ахметқазиеваның айтуынша, ашық есік күні 250 әйел медициналық тексеруден өтті. Ал емханада күн сайын шамамен 50 әйел маммографиядан өтеді.

Маманның сөзінше, Атырау облысында сүт безі обыры диагнозымен есепте тұрған әйелдер саны 800-ден асады. Ауруды ерте анықтау үшін профилактикалық тексерулерден өтіп, скринингті уақытылы жасау маңызды.

«Әділет» партиясы облыстық филиалы Әйелдер қанатының жетекшісі Айгүл Әмірғалиеваның айтуынша, республикалық айлық аясында облыс емханаларында ашық есік күндері мен ақпараттық кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Бұған дейін Индер ауданында және Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде де әйелдермен кездесулер өткізілген.

Ұйымдастырушылар мұндай шаралар әйелдердің денсаулығына көңіл бөліп, аурулардың алдын алуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

Баян Жанұзақова