Өңірдегі ең күрделі бағыттың бірі – есірткінің заңсыз айналымы. Бұл мәселе нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штабтың отырысында қаралды. Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаров, құқық қорғау органдары мен жауапты мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.
2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде есептік кезеңде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 294 дерек анықталған. Оның 103-і – қылмыс, 191-і – қылмыстық теріс қылық. Есірткі сату бойынша – 18, аса ірі көлемде есірткі сақтау бойынша – 9, контрабанда бойынша 13 дерек тіркелген. Алайда бұл көрсеткіштерді тек құқық қорғау органдары жұмысының нәтижесі ретінде бағалау жеткіліксіз. Керісінше, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 953 келі 145,58 грамм түрлі есірткі затының тәркіленуі өңірдегі мәселенің ауқымын да аңғартады. Әсіресе синтетикалық есірткіге қатысты жағдай алаңдатады. Арыс қаласында анықталған жасырын зертханадан 1,5 тонна прекурсор мен шамамен 480 келі сұйық түрдегі мефедрон тәркіленген.
Есірткі бизнесінің ең қауіпті жаңа арналарының бірі – интернет. Жыл басынан бері «Киберқадағалау» жүйесі арқылы синтетикалық есірткіні жарнамалаған 1 042 интернет-ресурс бұғатталған. Сонымен қатар есірткі саудасына қатысы болуы ықтимал тұлғалардың 2002 банк картасы анықталып, олардың айналымына шектеу қойылған.
Өңірде нашақорлықтың алдын алу мақсатында 1 075 профилактикалық іс-шара өткізіліп, оған 104 мыңнан астам адам қамтылған. Қоғамдық орындарда есірткі және психотроптық заттарды медициналық емес мақсатта тұтынған 330 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Дегенмен профилактиканың тиімділігін іс-шара саны мен қамтылған адам санымен ғана өлшеу жеткіліксіз. 1 075 іс-шараның нәтижесі қандай?
Бұл сұраққа нақты жауап қажет. Көшелердегі есірткі жарнамасына қарсы 67 рейд өткізіліп, 425 граффити жазбасы жойылған. Бірақ жазуды өшіру мәселенің сыртқы белгісін жою ғана. Оның орнына мұндай жазуларды қалдырған адамдарды және олардың артындағы ұйымдастырушыларды анықтау маңызды.
Есірткі айналымымен қатар дәрілік заттарды заңсыз және рецептсіз сату мәселесі де назардан тыс қалмауы керек. Түркістан облысында 836 дәріхана жұмыс істейді. Биылғы 8 айда дәрілік заттарды босату талаптарын бұзғаны үшін 20 әкімшілік хаттама толтырылып, 4,4 млн теңгеден аса айыппұл өндірілген. «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 28 материал тіркеліп, 26 әкімшілік хаттама жасалған. Алайда бұл бағытта да жұмыстың тиімділігін айыппұл көлемімен ғана бағалау дұрыс емес.
Түркістан облысындағы құқықтық ахуал есірткі бизнесімен ғана шектелмейді. Сегіз айдың қорытындысы бойынша өңірде тіркелген қылмыс саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға төмендеген. Бұл – оң динамика. Бірақ облыстық көрсеткіш жекелеген аумақтардағы жағдайды толық көрсете алмайды. Арыс қаласында, Сауран, Шардара және Созақ аудандарында қылмыс деңгейі өскен.
Бұл мәселе «Заң және тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров қылмыс деңгейі өскен аудан-қалаларда оның себептеріне толық талдау жүргізіп, қылмысты төмендетуге бағытталған нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Назгүл НАЗАРБЕК, Түркістан облысы