Абай-Шәкәрім әлемі Роллан аға үшін рухани Темірқазыққа айналған. Жылдар алға озған сайын маған Роллан аға сол бабаларының өмір шындығын мойындап, солардың басына түскен жан азабын, қиянат-өкінішін сезіп, тап бір қасында жүріп көзбен көргендей қиналып, энергетикасына еніп, тауқымет жолына түсіп кеткендей көрінеді де тұрады. Жарық дүниені көруі, сезіп-білуі, уайым-мұңы соларға ұқсап барады. Абай, Шәкәрім тұлғасын қастер тұтып, асыл мұрасын ұлықтау бір бөлек, қазақтың маңдайына біткен ағалы-інілі қос ғұлама қалдырған рухани сүрлеуге түсіп, солар жұтқан қайғы-зардан арыла алмай, жад, ақыл-ес шырағына еліту, сарын кешу, сана тұңғиығын сезіну қасиеті бір басқа әлем. Бір кем дүние елдік құсасын жүрекпен қабылдап, өларада дүниеқоңыздықты рухани байлықтан артық санаған қоғам, әдеби орта, жарқ-жұрқ алдамшы тіршіліктен безініп, өзімен-өзі сырласып, бір шетте бұйығы қалғандай көрінеді де тұрады. Шыңғыстау, Жидебай, Саятқора оқшаулану, тақуалық, дүниеден баз кешу тылсымын тау-тас, суында, кеңістік жадында тұтып қалғандай. Адамды заманы билейді. Сөйте тұра ағысқа қарсы жүзу ежелден бар. Сүйегі 30 жыл құр құдықта қалған Шәкәрім қажы жазмышы өз ұрпағын ойландырмай ма?! Неліктен мұндай жалғыздық дара тұлға, ойлы адамды құрсай бермек? Сол елден шыққан соңғы жырау Шәкір Әбенов-Шәкер ата өзін талай мәрте қуғынға ұшыратып, қапас торға тоғытқан сайын қиын заманға илігіп бас имеген, ығы зорға жағыну-жалтақтау жат, өр мінез, дәруіш қалыбында өткені жалған емес.
Роллан Шәкенұлы үлкен әдебиетте, шетелдерде есімі белгілі жазушы, әзірге өзге қазақ ақын-жазушысында жоқ марапат-атақтары бір шоғыр. Бұрынырақ телефонмен тілдескенде Клара тәте Роллан ағаның классикалық әдебиетті жинай беретіні хақында қызық пікір айтты. «Роллан ағаң үйіп-төгіп кітап сатып ала береді, үйге сыймай кетті. Сөйте берсең кітаптар қалалық пәтерде ине шаншар жер қалдырмай, сені де сыртқа шығарып тастайды». Алматыға көшіп келген соң жиған кітаптарды айтқаны. Жазушы отбасы Мәскеуде тұрғанда жеке кітапхана қоры кабинеттен асып, шығаберіс ұзын дәліз қабырғаға қаланып, сөре-сөре созылғаны көз алдымда. Клара тәтенің сөзінде шындық барын мойындай бастадым. Соңғы 8 жылда үш-төрт жәшік кітапты жұртқа беруге мәжбүр болдым... Роллан Шәкенұлы адал жары Клара Серікбайқызы екеуі рухани болмыс-бітім, интеллектуалдық тұрғыдан өзара өте жақын жандар екенін анық білемін. Клара тәтенің аяулы бейнесін «Майя» атты повесімде өз есімімен бердім. Кітап демекші, туған жер ядролық атом жарылысын бастан кешкен қияметті суреттейтін автобиографиялық «Дүние тас-талқан болған күн» атты таңдаулы туындыда далада қозы-лақ бағып жүрген жүгірмек балалардың бірі, жеті жасар ұл Марк Твенді оқыдым дейтіні таңғалдырды.
Роллан Сейсенбаев прозасында туған жер сарыны айрықша киелі, оның өткені қасіретті, ауыр қайғы-зар қазақ халқына ортақ. «Тас түскен жеріне ауыр», ядролық атом бомбасы 40 жыл сыналған Шыңғыстау – Дегелең – Абыралы – атамекеннің жүрек-өкпе, жер қыртысы, су-топырағы сұмдық жарадан, радиациялық уланудан әлі толық айығар емес. «Дүние тас-талқан болған күн» атты әңгіменің көтерер жүгі романға бергісіз. Полигон тақырыбына жазылған туындыда декоративті ештеңе жоқ. Бастан-аяқ гегемон империялар тақ таласта шыбын жаны шырқырап есеңгіреген қайран ел мен көкте ай-күн аманда жер бетінде жерастылық тозақ отына күйген атақонысқа асқан перзенттік сағыныш; қара жер теңселіп, галактика білігінен тайып, құлдилап-аунап лағып кетердей бұлқына күңіренген шер, бұрын-соңды ғаламда болмаған адам айтқысыз трагедияны жеті жасар бала тау ішінде киіз жамылып жатып өз басынан өткергесін тірі жер құсасын жұту, қасиетті аруақтарды еске алып, өткен күн, жан сүйеніші, ет бауыр жақын-туысты ұмыттырмауға арналған реквием. Расында, геодезия ғылымы өлшемімен жер кіндігі Жидебай ғарышқа тік шығатын нүкте болған соң таңдалған. Ең бастысы, жазушы оны қиялдан алып немесе сырттан келіп, көрмей-білмей жазудан аулақ. Оның астарында тектік жаратылыс, шежірелік, әулеттік сарын, жадқа ерен адалдық бар болмағы сондықтан. Роллан Шәкенұлы 1953 жылғы жаз өз көзімен көрген сұмдық қиянатты – сутегі бомбасы жарылғанда күллі жаһаннамды демімен үрлеп, сорып алғандай ғаламат от шашқан дәу саңырауқұлақ шексіз аспанды аунатып жіберердей пішінді есейгенде жүрегі қан жылап, жер жылайды деп суреттейді. Тажал жалғыз көзді десе, мынау нақ сол тажал болатын. Әсірелеу, ұрандатқан патриотизм ырымға жоқ. Полигонды әншейін фон, панорама етпектен аулақ. Курчатов есімі екі жерде бар. Архам «Шәкәрім қажының жерленбеген сүйегі осы маңда құдықта жатыр», – дейді. Естіген ел үнсіз, Шәкәрім әлі ақталмаған, халық жауы. «Оны Өтеген біледі, аудандық НКВД-да қызмет еткен», – дейді Дүйсехан.
Әңгіме Мәскеуде тұратын жазушыны ой қамап, әке аруағымен тілдесуден басталады. Ата, әке, апа, жары және жазушының ұл-қызы өз есімдерімен берілгені көп нәрсені аңғартпай ма? Таң елең-алаңда өң мен түс алмасқандай күйде жазушы Сокольники бағына барды. Қасынан гүрсілдеп өте шыққан бос трамвай Николай Гумилевтің «Адасқан трамвай» атты мистикалық өлеңде таңбалаған өркениет зардабын сездірмей ме? Ел тұрмаған шақ марғау қала көрінісімен параллель берілген алыс қалған атақоныс, кейіпкер елден жырақ кеткенімен жүрек қаны, ұлттық код, жад ештеңені ұмыттырмайды. Этностық сағыныш пен күйініштен арылу мүмкін емес. Арбатта сатылған картинада тау етегінде құбыжық зұлматтан басын ала қашқан жылқылардың ақсиған тістері, ақ көйлекті кішкентай қыз есі шыға отты саңырауқұлаққа қарап қалғаны бейнеленген. Ол жарылысты суретші өз көзімен көргенін ұқты. Суретшінің 1960 жылдар соңында обырдан өлгенін картинаны сатып тұрған ұлынан естіді.
Роллан Шәкенұлы досымен еріп тауға, ата-апасының қабіріне келгенін суреттейді. Шыңғыстау етегінде қойшының жеке шоқиған киіз үйіне қонаға түскен. Қойшының келіншегі жасына жетпей шашы ағарған, бір баласы қолсыз, бір баласы төбесі жоқ жарымжан туған. Екі бала шетінеген. Полигон қазаққа салған жара оңай жазылмайды. Досының қарындасы Айша: «Аға, біз ақырын өліп жатырмыз, бізге үкімет үніңді шығарма деп бұйырған. Қанша жерге арыз жазсам да жауапсыз қала береді. Өлгім келеді, бірақ мына бейшара балаларымды кімге қалдырамын?» – деп жылайды. Бесікте бала жыласа бомба жарыларын сезеді, сол замат дүмпу естілді.
Роллан Шәкенұлы ардақты әкесі өмірден озғанына бес жыл өткенде Мәскеуден елге ұшарда кофе ішетін эпизодта қою кофені қара майға теңейді, яғни жүректі тұмшалаған түңіліс, запыран нышан. Сол жазда жер астынан шыққандай он дөңгелекті дәу әскери машиналар ауылға толып кетті, балалар бәрін байқайды, эвакуация басталды. Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты делінер мезет құбыжық сутегі бомбасына айналды. Әңгімеде ата және әке бейнесі сүйіспеншілікпен берілген. Үкіметке қызмет істейтін әке билікке бағынбай қайда барады («Бізге қауіпсіз деп айтты», – дейді әкесі), атасы бұл құбылысқа ерен наразы. Әскери қызметтегі орыс подполковникке ойын бүкпей, ақтарып салады. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Мына дала көрген қорлық-зорлық, итжеккенге айдалғандар, Лев Толстойды пір тұтқан Шәкәрім қазасы, сұмдық аштықтан қырылған халық, соғыстан оралмаған боздақтарды айтады. Жұпыны тұрмыстан көз ашпаған біздің халықтың басына қашан бақ орнайды, сен бізді ажалға айдап отырсың ғой деп тіке сауал қояды. Елге өтем ретінде әр отбасына өкіметтен берілген 500 сом ақшаны тақыр кедей болса да алмай қоятын Дүйсехан («Дүйсехан садақа алмайды!») көптің бірі емес, ол мұның түбін, кесірін болжап тұрған халық үні болатын. Жирен мысық жүні ағарып оралды, хайуан екеш хайуан сорға батты. Атасы медбибі Галяға айтқан сөзінен бала өз әкесімен бірге туған ағасы ашаршылықта із-тозсыз жоғалып кеткенін естіп білді. Тұңғыш ұлын асырай алмай, балалар үйіне өткізген, қайда екені беймәлім жерге көшіріп жібергенде, ұлын іздеп таба алмаған анасы құса-зардан өлген. Сол бала қайда? Оның тағдыры жұмбақ. Әже атасының екінші әйелі болып шықты, туған әже жастай өлген екен. Әңгімені жазушы атамекен кесапатын азалап, көкке ұлыған бөрі тәрізді ашынумен аяқтайды. Адамзат ядролық қоқыс, империялық сордан арылар күн қайда?
Биылғы Нобель сыйлығына үміткер өзбек жазушысы Хамид Исмаиловтың «Өлі көл» атты әңгімесі полигон трагедиясына арналған. Ержан деген ұл радиациядан жетілмей, өмір бойы бойы өспей, бала денесінде қала берген, кейіпкерлер Шәкен, Дәулет атануы тегін емес. Маған әңгіме сюжетін өзбек жазушысына Роллан аға берген сияқтанады. Роллан Шәкенұлы 1995 жылы Лондонда Қазақстанның мәдени орталығы «Абай үйін» ашқанда екі жазушы кездеспеуі мүмкін емес.
Айгүл Кемелбаева, жазушы