«Ұлпан» – үздіктердің үздігі
Театрдың ғажабы неде? Сахнада баяндалған өзгенің тағдырынан өмірдің бір үзігін көру. Кейді бірауыз сөз көңіліңді толқытуы мүмкін, кейде бір үнсіздік тұтас бір дәуірдің қасіретін сездіреді. Ал шынайы өнер сол сезімнің жетегінде қалдырмай, көрерменді ойландыруында болса керек.
«ТЕАТР ALL» IV халықаралық театр фестивалі де осындай шығармашылық ұжымдардың басын қосты. Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Әзербайжан театрлары мен еліміздің әр өңірінен келген өнер ұжымдары сахна мәдениетінің сан қырын танытты.
Бұл фестивальдың Меруерт Өтекешеваның мерейтойына арналуының да өзіндік мәні бар. Қазақ көрерменінің санасында Қыз Жібектің бейнесі арқылы сақталған актрисаның шығармашылық жолы ұлттық өнер тарихының жарқын беттерінің бірі екені даусыз. Меруерт Өтекешева сомдаған Жібек экрандағы көркем кейіпкер ғана емес, тұтас бір ұрпақтың сұлулық пен нәзіктік туралы түсінігіне айналды. Сондықтан оның мерейтойы аясында өткен фестивальды белгілі актрисаға көрсетілген құрмет қана емес, қазақ сахнасы мен кино өнеріндегі сабақтастықтың көрінісі деп қабылдаған ләзім. Фестивальдың басты жүлделерінің бірі – «Үздік қойылым» аталымы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Ұлпан» спектакліне бұйырды.
Театрдың директоры Талғат Есенәлиев: «Бұл жеңіс кездейсоқ емес. Ұлпан – Ғабит Мүсірепов шығармасындағы ең күрделі әйел бейнесі. Ол — жылап отыратын жесір емес, ел билей алатын, даулы мәселені шеше алатын көшбасшы. Фестивальдың Қыз Жібекке – Меруерт Өтекешоваға арналуының өзі үлкен символ. Қыз Жібек – махаббат пен сұлулықтың, Ұлпан – ақыл мен биліктің символы. Екеуі – қазақ әйелінің екі қанаты. Сондықтан «Ұлпанның бас жүлде алуы – ұлттық театрдың өз тамырына оралуы» дейді.
Расында, бұл таңдаудың символдық мәні бар секілді. Өйткені «Ұлпан» – қазақ әдебиетіндегі әйел болмысы, парасат, қайраткерлік пен адамгершілік тақырыбын қозғайтын күрделі шығарма. Ғабит Мүсірепов те бұл тақырыпқа бекер қалам тербеген жоқ. Ол өзі жасаған Ұлпан бейнесі арқылы бір адамның тағдырын көрсеткен жоқ. Ол осы образы арқылы қазақ әйелінің даналығын, елдік мүдде жолындағы жауапкершілікті, қоғамдағы орны мен рухани қуатын танытты.
«Ұлпанды» көркем шығарма күйінде көшіре салуға тағы болмайды. Оқырман санасында орныққан кейіпкерді жаңа қырынан көрсету режиссер мен актерлерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Оқырман өзі оқыған Ұлпанын іздейді, ал режиссер оны сахна заңдылығына сай қайта сөйлетуі керек. Тағы бір айта кететін дүние – классикаға қайта оралу ескілікті қайталау емес, бүгінгі қоғамға қажет ойды жаңа көркемдік тілмен жеткізудің бір жолы екенін айтқан жөн.
Осы жолы фестивальда «Үздік актерлік ансамбль» аталымын Қырғызстанның Б.Кыдыкеева атындағы мемлекеттік жас көрермен театрының «Жәмилә» спектаклі жеңіп алды. «Жәмилә» да күрделі шығарма, махаббат пен еркіндік арасындағы күрделі қатынасты бейнелейтін дүние. Мұндай дүниені сахналауда бір актердің шеберлігі жеткіліксіз. Кейіпкерлер арасындағы психологиялық байланыс, сахналық үйлесім, ортақ ырғақ пен актерлік тұтастық шешуші рөл атқарады. Ансамбльдік өнердің құндылығы да осында.
Режиссерлік шешім мен актерлік шеберлік
«Үздік режиссура» жүлдесі Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық сазды драма театрының «Той» спектаклін қойған Дина Жұмабаеваға бұйырды. Шығарманы жазу бөлек те, оны сахнаға алып шығу – бір бөлек. Бұл режиссер үшін екі есе жауапкершілік жүктейді. Мың рет қойылған классика болса да, оны жаңа қырынан танытып, сахнаға алып шығатын – режиссер. Оның тапқырлығы, ізденісі басты рөлді атқарады. Оның маңызды міндеті – көрерменге таныс тақырыптың өзінен тың мағына табу.
Актерлік шеберлік бойынша үздіктерді анықтау да оңай болмаған секілді. Бүгінгі (фестивальға қатысқан) спектакльдерде өнер көрсеткен актерлердің осалы жоқ. Сол үздіктердің арасынан оза шабу актер Аян Өтепбергеннің маңдайына бұйырыпты. Ол «Шәкәрім» спектакліндегі образы үшін «Үздік ер адам бейнесі» аталымын жеңіп алды.
Шәкәрімнің тұлғасын сахнада көрсету – күрделі шығармашылық міндет. Ол – ақын ғана емес, философ, тарихшы, ар-ұждан мәселесін терең зерделеген ойшыл. Мұндай тұлғаны сомдағанда сыртқы ұқсастықтан гөрі ішкі әлемін, рухани қайшылығын, ой тереңдігін жеткізу маңызды. Осы тұрғыдан келгенде, Аянның (актердің) образы биік шықты.
Ал «Үздік әйел адам бейнесі» жүлдесі Максим Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының «Сотворившая чудо или что такое любовь?» спектаклінде Анни рөлін орындаған Полина Харламоваға бұйырды.
Ал «Үздік актерлік дуэт» жүлдесін Өзбекстан мемлекеттік драма театрының «Ләйлі мен Мәжнүн» қойылымында басты рөлдерді сомдаған Нодир Мухаммаджонов пен Хусния Турамуротова иеленді.
Шығыс әдебиетінің мәңгілік махаббат тақырыбын арқау еткен бұл шығарма бірнеше ғасырдан бері өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оның себебі қарапайым: заман өзгергенімен, адам сезімінің табиғаты, махаббат пен тағдыр арасындағы қайшылық өзгермейді. Театрдың да өміршеңдігі осындай мәңгілік тақырыптарды әр дәуірдің көрерменіне жақындата білуінде.
Саңлақтарға арналған арнайы жүлде
Бұл фестивальдың тағы бір ерекшелігі – арнайы жүлделердің тағайындалуы. Театр саңлақтары Асанәлі Әшімов, Хадиша Бөкеева, Құман Тастанбеков атындағы жүлделер табыс етілді.
Қазақ көрерменінің жадында Құман Тастанбековтің есімі Қыз Жібек пен Төлегеннің мәңгілік махаббатымен тығыз байланысты. Сондықтан Меруерт Өтекешеваның мерейтойына арналған фестивальда актер атындағы жүлденің болуы өнердегі рухани сабақтастықты тереңдете түседі.
Халықаралық фестивальдың құндылығын тек жүлделер санымен өлшеуге болмайды. Оның негізгі нәтижесі – шығармашылық байланыс, тәжірибе алмасу, өзге театрлардың ізденісін көру және кәсіби ортада ой бөлісу мүмкіндігі.
Бір сахнада бірнеше елдің өнер ұжымдары бас қосқанда олардың драматургиялық талғамы, актерлік мектебі, режиссерлік ұстанымы мен сахналық мәдениеті салыстырылады. Бұл салыстыру біреудің артықшылығын, екіншісінің кемшілігін іздеу үшін емес, өнердің мүмкіндігін кеңірек тану үшін қажет.
Мәселен, фестиваль бағдарламасындағы «Ұлпан», «Жәмилә», «Шәкәрім», «Томирис», «Қаралы сұлу», «Қатынқамал» тәрізді шығармалар ұлттық тарих пен рухани мұраға деген қызығушылықтың сақталғанын аңғартады. Ал «Анна Каренина», «Макбет», «Овод», «Ләйлі мен Мәжнүн» секілді туындылар әлемдік әдебиеттің мәңгілік тақырыптары театр сахнасында әлі де маңызды орын алатынын көрсетеді.
Осы шығармалардың қатар жүруінің өзі бүгінгі театрдың бағыт-бағдары туралы ойлануға жетелейді. Бір жағынан, ұлттық болмыс пен тарихи жадты сақтау міндеті тұр. Екінші жағынан, әлемдік сахна өнеріндегі жаңалықтарға ашық болу қажет. Театр осы екі бағыттың арасынан өз жолын табуға тиіс.
Фестиваль аясында Ғабит Мүсірепов пен Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» этнофольклорлық мюзиклі сахналанды. Ұлттық өнердің көркемдік дәстүрін жаңаша қырынан танытқан қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.
– Фестивальдың негізгі мақсаты – түркітілдес елдердің театр ұжымдарын бір сахнада тоғыстырып, кәсіби тәжірибе алмасуға жол ашу, сондай-ақ көрермен қауымды заманауи сахна өнерінің үздік үлгілерімен таныстыру. Бір аптаға созылған өнер додасы түрлі театр мектептері мен шығармашылық ізденістердің басын қосып, елорданың мәдени өміріне ерекше серпін берді. Осылайша, халықаралық фестиваль қойылымдар шеруімен ғана шектелмей, өнер иелері мен көрермендерді жақындастырған айтулы театр мерекесіне айналды. Фестивальға қатысқан театрлар соңғы екі жылда репертуарына енген үздік спектакльдерін ұсынды. Бұл қойылымдар режиссерлік шешімдерінің сонылығымен, актерлік ансамбльдің үйлесімді ойынымен ерекшеленді. Фестиваль күндері елорда театр мерекесіне бөленіп, қалада айрықша шығармашылық ахуал қалыптасты, – дейді Асхат Маемиров.
Біздіңше, мұндай өнер додаларының тағы бір маңызды міндеті – өңірлік театрлардың шығармашылық әлеуетін кеңінен таныту. Маңғыстау, Ұлытау, Атырау, Ақмола, Түркістан өңірлерінен келген ұжымдардың түрлі аталымда марапатталуы талант пен ізденістің белгілі бір қаламен шектелмейтінін көрсетті. Демек, өңірлік театрларды қолдау, олардың гастрольдік мүмкіндігін кеңейту, режиссерлер мен актерлердің кәсіби дамуына жағдай жасау алдағы уақытта да өзекті бола бермек.
P.S. Меруерт Өтекешеваның 75 жылдық мерейтойына арналған «ТЕАТР ALL» IV халықаралық фестивалі сахна өнеріндегі дәстүр мен жаңашылдықтың әлемдік мәдениеттің өзара сабақтастығын тағы бір мәрте әйгілегендей. Расында, өнерде жеңіс пен жеңілістен де биік тұратын бір ұғым бар: ол – көрермен сенімі. Театр осы сенімге ие болғанда ғана өз міндетін орындады деуге болады.
Сахна шымылдығы жабылады. Көрермен көңілінде қалған ой мен сезімнің шымылдығы жабылмасы белгілі. Нағыз өнердің өлшемі де осы болар, бәлкім...
Айна ХАСАН