Президент әрбір баланың дамуына тең мүмкіндік беретін жағдай жасау қажет екенін бірнеше рет атап өткен болатын. «Тең мүмкіндіктер» фестивалі де осы міндетті жүзеге асыруға бағытталып отыр. Фестивальға қатысушылардың бірі – 8-сынып оқушысы Азамат Әлиев сыныптасы Нұрасыл Амангелдімен бірге жарыс жолына шығып, жеңіске жетті. Екеуі Ақтөбе облысында өткен фестивальдың өңірлік кезеңдерінің бірінде жарыс жолында кездесті. Мұнда барлығы 300-ге жуық бала жиналды. Олардың қатарында 100 бала ерекше білім беруді қажет етеді. Қатысушылар бочча, жеңіл атлетика және «Біз жеңімпаз боламыз!» эстафетасы аясында бақ сынады.
– Бұл фестиваль – мейірімділік пен достықтың, тең мүмкіндік пен бірліктің жарқын үлгісі. Біз тек жарыс өткізіп қана қоймай, балалардың өз дарынын, қабілет-қарымын, қайсарлығын көрсетуіне мүмкіндік береміз. Әр баланың қоғамда өз орнын тауып, толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау – «Әділет» партиясының басты ұстанымы, – деді «Әділет» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Қазыбек Әлішев.
Фестивальдың келесі Шымкенттегі кезеңіне 200-ге жуық оқушы қатысты. Балалар спорттық сайыстарда бақ сынап, командалық тапсырмаларды орындап, бір-біріне қолдау көрсетті. Жарыстың өңірлік кезеңі Көкшетау қаласында да өтіп, 100-ден астам оқушы бас қосты. Балалар жарысқа түсіп, бір-біріне қолдау көрсетіп, спорттағы жеңістеріне бірге қуанды. «Тең мүмкіндіктер» фестивалінің өңірлік кезеңдері еліміздің өзге де облыстары мен қалаларында әлі де жалғасады. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар республикалық кезеңге жолдама алады.
Бекбол Амангелді