Сонымен, өзгеріс жәрдемақының он түрін қамтиды. Атап айтқанда, бала дүниеге келгенде берілетін біржолғы жәрдемақы, бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне арналған төлем және төрт не одан көп баласы бар отбасыларға берілетін көмек осы тізімге енген. Сондай-ақ марапатталған көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар адамдарға, асыраушысынан айырылғандарға және күтім жасайтын азаматтарға төленетін жәрдемақылар да бар.
Жаңа тәртіп бойынша әуелі отбасының тұрмысы бағаланып, қай санатқа жататыны анықталмақ. Тұрмысы жақсы «А» және «В» санатындағы отбасыларға аталған жәрдемақылар мен жерлеуге арналған біржолғы төлем берілмейді. Дегенмен бұл талап бәріне бірдей жүрмейді.
Мәселен, мүгедектігі бар балаларға, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға жәрдемақы тағайындағанда отбасының табысы есепке алынбайды. Ата-анасының екеуінен де айырылған балалар да осы санатта. Бұған қоса, жасына байланысты зейнетақы алатын марапатталған көпбалалы аналар мен арнайы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы алушылардың тұрмысы бағаланбайды.
Тағы бір маңызды шарт бар: жәрдемақы алу үшін азамат жеке мәліметтерін жинауға және пайдалануға келісім беруі керек. Бұл келісім отбасының кәмелетке толған мүшелерінен де сұралады. Отбасының жағдайын анықтауға банктегі мәліметтер, кредиттің сомасы, ай сайынғы төлемі мен қалған қарызы пайдаланылады. Ал келісім берілмесе, жәрдемақы уақытша тоқтатылады.
Аталмыш ережерлердің жүзеге асуы үшін отбасының тұрмысы ай сайын қайта бағаланбақ. Егер жағдайы нашарлап, жәрдемақы алуға құқығы бар санатқа ауысса, төлем қайта жалғасады.
Бұдан бөлек, төлемнің тоқтауына өзге де себептер бар. Мысалы, алушының банк шотынан үш ай бойы ақша жұмсалмаса немесе ол шетелге тұрақты тұруға кетсе, жәрдемақы тоқтатыла тұрады. Мұндай себептер жойылған соң, төлемді қайта алу үшін өтініш беріп, оны растайтын құжаттарды не мәліметтерді ұсыну қажет.
Тұрмысы түрлі болса да, мәртебесі ортақ
Үкіметтің ұстанымынша, мемлекеттік көмек ең алдымен мұқтаж отбасыларға жетуі керек. Өйткені бірдей жәрдемақы алғанымен, әр шаңырақтың тұрмысы әрқалай: біріне бұл ақша қосымша табыс болса, екіншісі соған баласының киімін алып, азық-түлігін түгендейді. Сондықтан жаңа тәртіп бойынша жәрдемақы тағайындағанда отбасының тұрмыс жағдайын да ескеру көзделіп отыр.
Орталық Азия елдері бойынша маман, Kazakhstan Politics ұлттық талдау орталығының аға зерттеушісі, саясаттанушы Расул Қоспановтың пікірінше, мемлекеттік көмекті бөлгенде отбасының тұрмысын ескерген жөн. Өйткені қағаз жүзіндегі мәртебе шаңырақтың күнкөрісі қандай екенін толық көрсете бермейді.
«Заңды сұрақ туындайды: бәріне бірдей төлеу қаншалықты әділ? 2027 жылдан бастап Үкімет әлеуметтік көмекті неғұрлым атаулы етуге тырысады. Отбасының цифрлық картасы арқылы қазақстандықтар әлеуметтік әл-ауқаттың А-дан Е-ге дейінгі бес санатына бөлінеді. А және В санатындағы отбасылар бала тууына, оның күтіміне және көпбалалы отбасыларға берілетін төлемдерді қоса алғанда, бірқатар жәрдемақыны алуды тоқтатады. А және В санаттарына экономикалық жағдайы ең жақсы азаматтар жатады. Олардың бірнеше жылжымайтын мүлік нысаны, автокөлігі бар немесе табысы жоғары», – деп жазады Қоспанов.
Сарапшы келтірген мәліметке сүйенсек, Қазақстан 2025 жылы зейнетақылар мен түрлі әлеуметтік жәрдемақыға шамамен 5,9 триллион теңге жұмсаған. Бұл – жалпы ішкі өнімнің 3,7 пайызы. Әрине, аз қаражат емес. Бірақ мәселе ақшаның көп бөлінуінде ғана ма? Оның кімге жетіп, қай отбасының қажетіне жарағаны да маңызды. Қоспанов осыған назар аударып отыр.
Бір жағынан, мемлекет көмекті мұқтаж жандарға жеткізуді көздеп отыр. Екінші жағынан, жұрттың «жағдайымды дұрыс бағалай ма, жәрдемақымнан айырылып қалмаймын ба?» деп алаңдауы түсінікті. Сондықтан жаңа тәртіптің қалай жұмыс істейтінін, қате кеткен жағдайда оны қалай түзетуге болатынын халыққа анық түсіндіру қажет.
«Ақпарат кеңістігінде алдағы өзгерістерге қатысты алаңдаушылықтың көп екенін көріп отырмын. Олардың бір бөлігі әбден орынды. Алайда әңгіме әлеуметтік қолдауды түгелдей алып тастау туралы емес, оны бөлу тәртібін қайта қарау туралы болып отырғанын түсіну маңызды. Жүйені бастапқы сынақтан өткізу кезеңінде қателер туындауы мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Сондықтан оның отбасылардың қаржылық жағдайын қаншалықты объективті бағалайтынын және мемлекет қателескен жағдайда оны қалай түзететінін бақылау маңызды. Бірақ қорытынды жасап, дүрбелеңге берілмес бұрын, алдымен өзіміздің қай санатқа жататынымызды анықтап алайық», – дейді ол.
«Автокөлігі бар адам» бай адам ба?
Жәрдемақы тағайындағанда отбасының табысын ғана емес, шығынын да ескерген жөн. Qazaq Expert Club-тың әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі сарапшысы Толқын Саметова алдағы өзгерістерге қатысты осы мәселеге назар аударады. Өйткені баспанасы мен көлігі бар екен деп, бірден ол отбасын ауқатты деуге келмейді.
Сарапшының пікірінше, жаңа тәртіптің мақсаты – көмекті отбасының тұрмысына қарай беру. Демек, адамның қай әлеуметтік санатқа жататынымен қатар, қанша табыс табатыны, қандай мүлкі бары да есепке алынбақ. Дегенмен қолындағы дүниесіне қарап қана баға беру жеткіліксіз. Сол шаңырақтың ай сайын қанша қарыз төлеп, күнделікті қажетіне қанша жұмсайтынын да ескерген жөн.
«Пәтердің немесе автокөліктің болуы да әрдайым жоғары әл-ауқаттың белгісі емес. Тұрғын үй отбасының жалғыз баспанасы әрі ипотекада болуы мүмкін, ал табысының едәуір бөлігі кредиттерге, емделуге немесе басқа да міндетті шығындарға жұмсалуы ықтимал. Сондықтан бағалау әдістемесінің сапасы цифрландырудың өзінен кем емес маңызға ие болады. Егер азамат өз отбасының неліктен белгілі бір санатқа жатқызылғанын түсінбесе, жүйеге деген сенім тез төмендейді», – дейді Толқын Саметова.
Айталық, екі отбасының айлығы бірдей. Бірақ бірінің үйі өзінікі, екіншісі ай сайын пәтерақы төлеп отыр. Бірі тапқанын азық-түлік пен балаларының қажетіне жұмсаса, енді бірі оған қоса науқас жақынының дәрі-дәрмегін алады. Сонда екеуінің табысы тең болғанымен, қолында қалатын ақшасы екі бөлек. Сондықтан отбасының кірісін санаумен шектелмей, күнкөрісіне қанша қаражат қалатынын да анықтау қажет.
Оның үстіне, қала мен ауылдағы шығын бірдей емес. Бір соманың Алматыда қанша күнге жететіні мен шағын елді мекендегі отбасына қанша уақытқа жететіні де әрқалай болуы мүмкін. Бұған бала саны мен отбасының асырауындағы адамдарды қосыңыз. Сарапшы тұрмысты бағалағанда осы жайттардың бәрін ескеруді ұсынады.
Тағы бір мәселе бар: адам көбірек еңбектеніп, табысын өсіргені үшін көмектен қағылып қалмауы керек. Егер айлығы сәл көбейгенде жәрдемақысы түгел тоқтаса, отбасының кірісі артудың орнына азаюы да ықтимал. Мұндай жағдайда азаматтың «көбірек жұмыс істегеннен не пайда?» деп ойлануы ғажап емес.
«Мемлекеттік қолдау мөлшері алушының материалдық жағдайына байланысты болатын кез келген жүйеде табыстың бір бөлігін көлеңкеге шығару қаупі бар. Алайда қаржы жүйесінің цифрландырылуы нақты әл-ауқат деңгейін жасыруды айтарлықтай қиындатады. Мемлекет әртүрлі дерекқорлардан барған сайын көбірек ақпарат алады, ал отбасын бағалау кезінде ресми мәлімделген табыспен қатар мүлік пен басқа да көрсеткіштер ескерілуі мүмкін. Сонымен бірге жүйе кері ынталандыру тудырмауы маңызды. Яғни әлеуметтік жеңілдіктерден күрт айырылып қалу салдарынан адамның ресми табысын арттыруы экономикалық тұрғыдан тиімсіз болатын жағдайға жол бермеу керек. Сондықтан әл-ауқат өскен сайын қолдау біртіндеп қысқаруға тиіс, «шектен астың – бәрінен айырылдың» қағидасы бойынша емес», – деп түсіндіреді сарапшы.
Ал тұрмысы төмендеп кеткен отбасының жағдайы ше? Кеше тұрақты жұмысы болған адам бүгін табыссыз қалуы мүмкін. Енді бірінің тапқан ақшасы емделуге кетеді. Осындай кезде бұрынғы жалақысына қарап шешім шығару оның бүгінгі мұқтаждығын көрсетпейді.
Сондықтан азамат өзіне қатысты қандай мәлімет қолданылғанын білуі қажет. Қате болса, түзете алуы, ал шешіммен келіспесе, шағымдануға мүмкіндігі болуы керек. Әйтпесе көмекке зәру адам ескірген мәліметтің кесірінен жәрдемақысыз қалуы ықтимал.
«Неғұрлым атаулы әлеуметтік қолдауға көшудің өзі әділдікке кепілдік бермейді. Барлығы мемлекеттің отбасының нақты жағдайын қаншалықты дәл анықтай алатынына және жүйенің ондағы өзгерістерге қаншалықты жылдам жауап беретініне байланысты болады. Отбасының цифрлық картасы бұл үшін техникалық мүмкіндіктер береді. Бірақ сонымен бірге ашық өлшемдер, түсінікті шағымдану тетігі және деректерді тұрақты жаңарту қажет», – дейді Саметова.
Сарапшының пайымынша, жаңа тәртіптің пайдасын мұқтаж отбасының көмекті дер кезінде алуына қарап бағалаған жөн. Түптеп келгенде, бастысы – қолдауға зәру шаңырақтың назардан тыс қалмауы.
Кәмила ДҮЙСЕН