Бүгінде өңірде осы бағыттағы ауқымды жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың Атырау облысына жұмыс сапары барысында осы мәселе басты назарда болды. Атырауда инфрақұрылым тақырыбын сөз еткенде, ең алдымен кәріз жүйесі мен ағынды сулар мәселесі ойға келеді. Бұл – тек коммуналдық шаруашылықтың мәселесі емес. Оның экологияға, су ресурстарына және қала тұрғындарының өмір сүру сапасына тікелей қатысы бар.
Кейінгі жылдары Tazalyq жобасы аясында бірқатар маңызды жұмыс атқарылды. Сол жағалаудағы «Сасықсай» булану алаңының қалалық бөлігі 2023 жылы рекультивацияланды. Алайда нысанның Атырау мұнай өңдеу зауытына тиесілі бөлігінде жұмыс әлі жалғасып жатыр. Жалпы аумағы 1 336,2 гектар болатын төрт сектордың екеуінде рекультивация аяқталған.
Бұл ретте Бозымбаев мәселені тек рекультивациямен шектемеу керектігін атап өтті. Вице-премьердің айтуынша, су ресурстарына түсетін салмақты азайтып, булану алаңдарын одан әрі кеңейтуге жол бермеу қарастырылуы керек. Шешімдердің бірі ретінде суды қайта пайдаланудың заманауи технологияларын, оның ішінде Жайық өзенінен алынатын суды өндірістік айналымға қайта енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
– Мәселені кейінге қалдыра бермей, ұзақ мерзімге арналған технологиялық шешім табу қажет. Ағынды суларды тазарту мәселесін түбегейлі шешіп, дұрыс технологиялық сызбаны анықтау және қоршаған ортаның одан әрі ластануына жол берілмеуі шарт, – деді Қанат Бозымбаев.
Атыраудағы тағы бір күрделі мәселе – жылу желілерінің жағдайы. Қаланың жылу желілерінің жалпы ұзындығы 409,2 шақырымды құрайды. Оның 62,3 пайызы тозған. Кейбір учаскелерде бұл көрсеткіш 95 пайызға дейін жетеді. Мұндай жағдайда жылу шығынының артуы, апаттық жағдайлардың жиілеуі және жөндеу жұмыстарына кететін шығынның көбеюі заңды. Сондықтан «Ұлттық жоба» аясында ең тозған учаскелерді жаңарту қолға алынған. Ұзындығы шамамен 8 шақырым, тозу деңгейі 95 пайызға жеткен желілер реконструкцияланады. Ал 2030 жылдың соңына дейін қалада тағы 26,6 шақырым жаңа жылу желісін салу жоспарланып отыр.
Бұл жұмыстардың нәтижесінде жылу шығынын 75 пайызға дейін азайту және жүйенің жалпы физикалық тозуын 40 пайызға дейін төмендету көзделген.
Қаланың тұрақты дамуы электр энергиясына деген сұранысты да арттыратыны белгілі. «Атырау Жарық» ЖШС 110 кВ әуе желілерінің 114,6 шақырымын, 35 кВ желілердің 50,7 шақырымын және 6/10 кВ желілердің 238 шақырымын жаңартпақ. Сонымен қатар 46 трансформаторлық қосалқы станса жаңартылады. Энергетикалық жүйені цифрландыруға да басымдық берілмек. 10,5 мыңнан астам автоматтандырылған есептеу құралы орнатылып, 16 қосалқы стансада SCADA жүйесі енгізіледі. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2027 жылғы ақпанда басталады деп жоспарланған.
Қанат Бозымбаев жұмыс сапары аясында Атырау қаласының сумен жабдықтау жүйесінің жағдайымен де танысты. Су тазарту құрылыстарының жобалық қуаты тәулігіне 120 мың текше метр болса, нақты қуаты – 90 мың текше метр. Төрт сүзгілеу стансасының үшеуі жұмыс істеп тұр. 1968 жылы салынған №2 станса апатты жағдайда болуына байланысты 2024 жылдан бері пайдаланылмайды. Ал ең ескі №1 станса 1939 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сондықтан бүгінде жергілікті әкімдік тарапынан апатты нысандарды бұзып, тәулігіне 30 мың текше метр су өндіретін заманауи блок салу ұсынылып отыр.
Жұмыс сапары барысында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мүмкіндіктері де көрсетілді. Жедел ден қоюға арналған тоғыз бірлік арнайы техника таныстырылды. Қазір департаменттің теңгерімінде 220 бірлік автокөлік техникасы бар. Оның 83-і – негізгі, 43-і – арнайы, 94-і – көмекші техника. Техникалық жарақтандырылу деңгейі 80 пайызды құрайды.
Атырау сияқты өндірістік өңір үшін бұл бағыттың маңызы ерекше. Мұнай-газ кәсіпорындары, ірі энергетикалық және коммуналдық нысандар орналасқан аймақта төтенше жағдайларға дайындық үнемі жоғары деңгейде болуға тиіс.
Баян Жанұзақова, Атырау облысы