Тұрғын үй құрылысына жаңа серпін бермек

Семейдің бола­шағы бү­­­гін­де жаңа шағын­аудан­дардың келбетімен де айқындалып келеді. Қаланың Қарағайлы ықшам ауданында құны 100 миллион АҚШ долларын құрай­тын ірі инвестициялық жоба қолға алынбақ. Шетелдік тікелей инвестиция есебі­нен жүзеге асатын жоба за­манауи тұрғын үй құры­лысына жаңа серпін беріп қана қоймай, қаланың ин­фрақұрылымын дамытуға да ықпал етпек.

Соңғы жылдары Семейдің шеткі аумақтары біртіндеп жаңа қалалық кеңістікке айналуда. Соның ішінде Қарағайлы ықшам ауданының қарқыны айрықша. Мұнда тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік, спорттық нысандар, қоғамдық кеңістіктер бой көте­ріп, шағынауданның өзіндік сәу­леттік келбеті қалыптасып келеді. Енді осы аумақта ауқымды тұрғын үй жобасы жүзеге асы­рылмақ. Инвес­тициялық жоба­ның таныс­тырылымы бары­сында тараптар ынтымақтастық туралы меморан­думға қол қойды. Жоба Cornerstone Construction ЖШС мен «Семей» әлеуметтік-кәсіп­кер­лік корпора­ция­сы» АҚ бір­лесуімен, Абай облысы әкім­дігі­нің қол­дауы­мен іске асырылады.

Облыс әкімі Берік Уәлидің айтуынша, қазір Семей қаласы дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып отыр. Сондықтан шаһардың бү­гін­гі мәселелерін шешумен қатар, оның ұзақмерзімді дамуына қа­жетті жағдай жасау маңызды.

–Біздің алдымызда жаңа ау­мақ­тарды игеру, тұрғын үй құры­лысының көлемін ұлғайту, ин­вестициялар тарту және заманауи қалалық инфрақұрылымды қа­лып­тастыру міндеті тұр, – деді об­лыс әкімі.

Бұл ретте Қарағайлының таң­далуы да заңды. Қазірдің өзінде шағынаудан қала тұрғындары үшін тартымды аумақтардың біріне ай­налып келеді. Былтыр мұнда Рес­пуб­лика алаңы ашылса, жақында БИНОМ мектебі мен инклюзивті спорт кешенінің құрылысы бас­талды. Тұрғындар саны артқан сайын жаңа баспана­ға, әлеуметтік нысандарға және қолайлы қоғам­дық ортаға деген қажеттілік те өсіп отыр.

Жаңа инвестициялық жоба­ның ауқымы аз емес. Жалпы құны 100 миллион АҚШ долларына бағаланған жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Қарағайлы ықшам ауданындағы 9,5 гектар аумақта инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымы қалыптасқан заманауи тұрғын үй орамын салу жоспарланып отыр.

Жоспар бойынша аумақтың 35 пайызы көгалдандырылып, субұрқағы бар саябақ аймағы жа­са­лады. Аула кеңістігінде «авто­көліксіз аула» тұжырымдамасы енгізіледі. Ал көлік иелеріне арналған 1 771 тұрақ орны қарас­тырылған. Яғни жобаның негізгі философиясы – тұрғын үйді ғана емес, өмір сүруге қолайлы ортаны қалыптастыру.

Қазіргі тұрғын үй құрылысына қойылатын талап бұрынғыдан өзгерді. Адам үшін төрт қабырға мен шаршы метрдің болуы жет­кіліксіз. Тұрғын үйдің айна­ласын­дағы қоғамдық кеңістік, көгал­дандыру, қауіпсіздік, бала­ларға арналған орта, қызмет көр­сету орындары мен көлік инфра­құрылымы да маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Қарағайлыдағы жоба «комфорт +» форматына бағытталған. Тұрғын үйлердің алғашқы қабаттарында жалпы аумағы 7,3 мың шаршы метр болатын коммерциялық үй-жай­лар орналасады. Мұнда тұрғын­дардың күнделікті қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік беретін қызмет көрсету және сауда нысандары қарас­тырылған. Сонымен бірге жеке балабақша мен дамыту-оқыту ор­талығын орналастыру жос­пар­ла­нып отыр. Жоба автор­лары заман­­а­уи технологияларға да басым­дық бермек. Атап айтқанда, тұрғын үй кешенінде Smart City жүйесін енгізу, нысан­дарда Face ID техно­логиясын қол­дану көзделген. 

Бұл – тұрғын үй құрылысының жаңа кезеңге бет бұрғанын аң­ғартатын үрдіс. Қала инфра­құрылымы цифрлық технология­лармен ұштас­қан сайын қауіп­сіздік, басқару және тұрғындарға қызмет көрсету жүйелері де өзгере түседі.

Жобаның тағы бір маңызды қыры – оның 100 пайыз тікелей шетелдік инвестиция есебінен қаржыландырылуы. Өңір эко­номикасына сырттан капитал тарту – кез келген аймақ үшін маңыз­ды міндет. Себебі инвес­тиция жаңа нысан салумен бірге құрылыс саласына серпін береді, мердігерлік ұйымдардың жұмы­сын жандандырады, жаңа қызмет түрлерінің пайда болуына ықпал етеді. Сондықтан Қарағайлыдағы жоба Семейдің тұрғын үй нарығы үшін ғана емес, қаланың инвес­тициялық тартымдылығы тұр­ғысынан да мәнді. Облыс әкімі Берік Уәли жобаның ерекшелігіне тоқтала келе, инвесторлардың Семей мен Абай облысының әлеуетіне сенім артып отырғанын атап өтті. Шын мәнінде, инвестор үшін қаржы салынатын аумақтың қазіргі ахуалы ғана емес, оның ертеңгі даму мүмкіндігі де маңыз­ды. Қарағайлының соңғы жыл­дардағы өзгерісі бұл аумақтың Се­мейдің жаңа қалалық орталық­тарының біріне айналып келе жатқанын көрсетеді.

Ал жаңа тұрғын үй кешені осы үдерісті одан әрі жеделдетуі мүмкін.

Инвестициялық жобаның таныстырылымы барысында «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Мұхтар Әлімханұлы мен Cornerstone Construction ЖШС директоры Liu Binsheng ынтымақ­тастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум – ауқымды жобаның келесі кезеңіне жол ашатын маңызды қадам. Ендігі міндет – жоспарланған көр­сет­кіштерді нақты құрылыс жұмыс­тарына ұластыру.

Семей үшін бұл жобаның мәні тек жаңа пәтерлер санымен өл­шен­бейді. Оның артында қала­ның кеңеюі, жаңа инженерлік желі­лер, абаттандырылған аумақ­тар, қоғам­дық кеңістіктер және тұрғындарға көрсетілетін қызмет­тердің жаңа форматы тұр.

Абай облысы құрылыс басқар­масы басшысының орынбасары Ерсін Кенжебекұлының мәлі­метін­ше, Абай облысында тұрғын үй құрылысы бойынша оң дина­мика қалыптасып отыр.

– Жалпы, облыста тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту, тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдауды күшейту ба­ғытындағы жұмыстар жалғасуда, – дейді ол.

Қала – үнемі қозғалыстағы тірі организм. Оның келбеті жаңа ғимараттармен ғана емес, сол ғи­мараттардың адамдардың өмі­ріне қаншалықты жайлы орта қалып­тас­тыратынымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қарағай­лыдағы жоба Семейдің жаңа архитектура­лық және әлеуметтік кеңістігін қалыптастырудың бір бөлігі бол­мақ.

Семейдің тарихи келбеті оның өткенін айғақтаса, Қара­ғайлы секілді жаңа шағынаудандар қаланың келешегін көрсетеді. Ал бұл келешектің қандай болатыны инвестиция көлемімен ғана емес, заманауи қалалық мәдениет пен тұрғындарға қолайлы орта қалып­тастыруға қаншалықты мән бері­летінімен айқындалмақ.

Эльмира Жүрсінбекқызы, Абай облысы