Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі ұйымдастырған байқаудың басты ерекшелігі – Алтын Орда тарихын дәстүрлі ғылыми зерттеулер шеңберінен шығарып, әлеуметтік желілер арқылы қалың көпшілікке таныстыру. Байқауға 16 жастан асқан Қазақстан азаматтарымен қатар елімізде тұратын шетел азаматтары да қатысуға мүмкіндік алды. Жас авторлар TikTok, YouTube және Instagram платформаларында Алтын Орда дәуіріндегі тарихи оқиғалар мен тұлғалар, мемлекеттілік дәстүрлері және ұлт тарихындағы маңызды кезеңдер туралы жұмыстарын жариялады.
Марапаттау рәсімінде сөз алған Еуразия ұлттық университетінің басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бақытұлы байқаудың тарихи сананы жаңғыртудағы маңызына тоқталып, мұндай бастамалардың жастардың ұлттық тарихқа деген қызығушылығын арттыратынын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Семейде сөйлеген сөзінде Алтын Орда тарихын терең зерттеудің маңызына ерекше назар аударған еді. Осы бағыттағы жұмыстар еліміздің ғылыми және білім беру мекемелерінде жүйелі түрде қолға алынып келеді. Соның бір көрінісі – биыл Еуразия ұлттық университетінде Алтын Орда өркениеті кафедрасының ашылуы. Ал бүгінгі байқау жастардың төл тарихымызға үңіліп, тың идеялар ұсынуына мүмкіндік берді. Қазылар алқасының айтуынша, әр қатысушы өзіндік ізденісі мен білімін көрсете білді. Сондықтан бұл байқауға қатысқан жастардың барлығын жеңімпаз деп есептеймін, – деді проректор.
Жиында тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Тілеген Садықұлы да сөз сөйлеп, Алтын Орда тарихының қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы орнына назар аударды. Ғалымның айтуынша, тарихи мұраны зерттеумен қатар оны көпшілікке дұрыс әрі түсінікті жеткізу де маңызды міндеттің бірі.
– Алтын Орда тарихы бүгін ғана көтеріліп отырған мәселе емес. Қазақ мемлекеттілігінің тарихи бастаулары туралы сөз болғанда, ең алдымен осы дәуірге назар аударамыз. Ғылыми орта Алтын Орданың қазақ мемлекеттілігімен сабақтастығын жақсы біледі. Сондықтан жас журналистердің осы тақырыпқа қалам тартып, тарихи мұраны жаңа қырынан танытуға ұмтылғанына қуаныштымыз, – деді ғалым.
Расында, бүгінгі ақпараттық кеңістікте тарихи тақырыптарды насихаттаудың сипаты өзгерді. Бұрын ғылыми еңбектер мен арнайы басылымдар арқылы таралған тарихи мәліметтер қазір әлеуметтік желілердегі қысқа бейнероликтер, подкасттар, деректі жобалар мен танымдық жазбалар арқылы миллиондаған аудиторияға жол тартып отыр. Алайда ақпаратты жылдам әрі тартымды ұсыну оның тарихи дәлдігіне нұқсан келтірмеуге тиіс. Осы тұрғыдан алғанда байқау қатысушыларына қойылған басты талаптың бірі – дерекке сүйену, тарихи оқиғаларды бұрмаламай жеткізу.
ЕҰУ Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің директоры Нұржан Қуантайұлы байқаудың жас журналистер мен шығармашылық орта өкілдері үшін жаңа мүмкіндік болғанын атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық технологиялар қарқынды дамыған кезеңде журналистиканың мазмұндық сапасын арттыру және жаңа медиа мүмкіндіктерін тиімді пайдалану айрықша мәнге ие.
– Смартфон мен әлеуметтік желі күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған қазіргі кезеңде журналистиканың сапалы мазмұнын сақтап, оның қоғамдық маңызын арттыруымыз қажет. Осы орайда Алтын Орда тақырыбына арналған байқаудың орны ерекше. Бұл жоба тек журналистика саласындағы жастарды ғана емес, тарих ғылымына, гуманитарлық бағытқа және журналистиканың жаңа жанрларына қызығушылық танытқан талапты өрендерді біріктірді, – деді Нұржан Қуантайұлы.
Байқау «Үздік TikTok ролигі», «Үздік YouTube-жоба», «Үздік подкаст» және «Үздік тарихи пост» атты төрт номинация бойынша өткізілді. Қатысушылар тарихи оқиғаларды баяндаудың түрлі тәсілдерін пайдаланып, Алтын Орда дәуірінің саяси, мәдени және рухани мұрасын қазіргі аудиторияға түсінікті тілмен жеткізуге ұмтылды. Бірі қысқа бейнеролик арқылы тарихи тұлғалардың өмір жолын таныстырса, енді бірі деректі және талдамалық материалдар негізінде мемлекеттілік дәстүрлерінің сабақтастығын ашуға ден қойды.
Ұсынылған жұмыстарды тарих ғылымының өкілдері мен медиа саласының зерттеушілерінен құралған қазылар алқасы саралады. Бағалау барысында тарихи дәйектілік пен деректілікке, шығармашылық ерекшелікке, тақырыптың ашылу тереңдігіне, техникалық орындалу сапасына және аудиториямен байланыс деңгейіне басымдық берілді. Бұл талаптар байқаудың тек көрілім жинауға немесе әлеуметтік желідегі танымалдыққа емес, ең алдымен мазмұнды әрі сапалы тарихи материал әзірлеуге бағытталғанын аңғартты. Марапаттау рәсімінде төрт номинация бойынша үздік деп танылған авторларға дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Сымбат Бауыржанқызы