Тексеру барысында ауыл әкімі конкурсқа қатысушылардың біріне мемлекеттік тіркеу деректеріне сәйкес келмейтін анықтама бергені анықталған. Құжат үміткердің қосымша балл алуына негіз болыпты, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Біржан сал ауданының прокуратурасы Үлгі ауылдық округі әкімінің әрекетін тексеріп, оның кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқанын анықтады. Нәтижесінде әкім Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 173-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот жер конкурсының қорытындысын жойды.
Ашық деректерге сәйкес, жазда өткізілген конкурсқа алты үміткер қатысқан. Олардың қатарындағы «Саяхат» шаруа қожалығы 58 балл жинап, жеңімпаз атанса, «Zere Agro Holding» ЖШС небәрі 5 балл алған.
Бұл жер учаскесі компания үшін маңызды. Кәсіпорын мұнда құны 600 миллион теңге болатын мал бордақылау алаңын салуды және 10 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Ұльгі ауылдық округінде тіркелген серіктестік ірі қара өсірумен және ауыл шаруашылығы дақылдарын егумен айналысады.
Қазір компанияға инвестициялық жобасын жүзеге асыру үшін жер беру мәселесі прокуратураның бақылауында. Конкурс нәтижесінің жойылуы учаскенің енді кімге берілетінін білдірмейді. Жерді бөлу мәселесі қалай шешілетіні және 600 млн теңгелік жобаның қашан іске асатыны әзірге белгісіз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы