Астаналық оқушы TikTok пен YouTube-тағы видеолар баланың зейініне қалай әсер ететінін зерттеп жатыр

Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Астанада 8-сынып оқушысы TikTok пен YouTube желілеріндегі қысқа видеолардың балалардың зейініне қалай әсер ететінін зерттеп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназиясының оқушысы Мирас Сетқазы қысқа видеоларды көру баланың зейініне қаншалықты әсер ететінін тәжірибе арқылы анықтауды көздейді.

Зерттеу барысында оқушылардың телефонға қанша уақыт жұмсайтыны анықталып, сауалнама жүргізіледі. Сондай-ақ арнайы тапсырмалар арқылы олардың зейінін қаншалықты тез жинақтай алатыны, бір іске қанша уақыт көңіл бөле алатыны және тапсырмаларды қаншалықты дәл орындайтыны тексеріледі.

Ол үшін Шульте кестесі мен Бурдон сынамасы қолданылады. Оқушылардың қысқа видеоларды көргенге дейінгі және көргеннен кейінгі нәтижелері салыстырылады. Бұдан бөлек, зерттеуде дофаминнің адам миына әсері де қарастырылады.

Жас зерттеуші тәжірибе нәтижесінде анықталған өзгерістердің нақты неден болғанын түсінуге және ғылыми дәлелі жоқ тұжырым жасамауға мән береді.

Зерттеу аяқталған соң оқушыларға телефонды дұрыс пайдалану, экран алдында өткізетін уақытты реттеу және сабаққа зейін қою жөнінде кеңестер әзірленеді.

Жобаның мақсаты – балаларды смартфоннан бас тартуға шақыру емес, телефонды орнымен пайдаланып, зейінін басқаруға үйрету.