Оңтүстік Африкадан шыққан 85 жастағы заңгер Нави Пиллей 2026 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығының иегері атанды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол кезінде Нельсон Манделаны қорғап, кейін әлемдегі ең ауыр қылмыстарды тергейтін халықаралық соттарда қызмет еткен.
Норвегияның Нобель комитеті 9 қазанда жариялаған шешімге сәйкес, Наванетхем Пиллей халықаралық құқықты қорғауға және бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі үшін марапатталды.
Нави Пиллей 1941 жылы Оңтүстік Африка Республикасының Дурбан қаласында дүниеге келген. Үнді отбасында өскен ол жастайынан нәсілдік кемсітушілікке тап болған. Кейін заңгер мамандығын таңдап, апартеидке қарсы күрескен азаматтардың құқығын қорғауға кірісті. Оның қорғауындағы адамдардың арасында Нельсон Мандела да болған.
Пиллейдің есімі халықаралық құқық тарихындағы маңызды сот істерімен тығыз байланысты. Ол Руандадағы геноцидке қатысты істерді қараған халықаралық трибуналда судья болып қызмет атқарды. Кейін Халықаралық қылмыстық сотта жұмыс істеді. 2008–2014 жылдары БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары болды.
Оның қатысуымен қаралған істердің бірі халықаралық құқықта үлкен өзгеріске жол ашты. Атап айтқанда, Руандадағы қылмыстарды тергеу кезінде жыныстық зорлық-зомбылықтың белгілі бір жағдайларда геноцид қылмысы ретінде танылуына құқықтық негіз қаланды.
Соңғы жылдары Пиллей Палестина аумағындағы оқиғаларды зерттеген БҰҰ комиссиясын басқарды. Қазір ол Мьянмадағы рохинджа мұсылмандарына қатысты геноцид туралы істі қарайтын Халықаралық соттың жұмысына қатысып жүр.
Нобель комитетінің мәлімдеуінше, биылғы марапат халықаралық соттар мен құқық қорғау институттарына қысым күшейген кезеңде беріліп отыр. Комитет бейбітшілікке тек келіссөз арқылы емес, қылмыс жасағандарды жауапқа тарту және заңның үстемдігін қамтамасыз ету арқылы да қол жеткізуге болатынын атап өтті.
Биыл Нобель сыйлығының ақшалай мөлшері 12 миллион швед кронасына жетті. Марапат 10 желтоқсанда Норвегия астанасы Ослода табысталады.