«Болат Жол» ұжымында «Әділеттің» жаңа бастауыш партия ұйымы құрылды

Бұл мәселе партия өкілдерінің ұжыммен кездесуінде талқыланды.

Атырау облысы Жылыой ауданындағы «Болат Жол» ЖШС қызметкерлері кәсіпорында «Әділет» партиясының бастауыш партия ұйымын құру бастамасын бірауыздан қолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл мәселе партия өкілдерінің ұжыммен кездесуінде талқыланды.

Жиында «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қуантай Бисалиев партияның негізгі басымдықтары мен өңірдегі жұмысы туралы таныстырды.

– Елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформалар мемлекетті басқару жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың құқығы мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен өзгерістерге қоғам болып атсалысу – ортақ міндетіміз.

«Әділет» партиясы әділеттілік, заң мен тәртіп, жауапкершілік және патриотизм қағидаттарын ұстанатын азаматтарды біріктіреді. Біздің мақсатымыз – осы құндылықтарды мемлекеттік саясат пен қоғамдық өмірдің негізіне айналдыру. Партия білім беру, ғылым, медицина, бизнес, құқық, мемлекеттік басқару және азаматтық қоғам салаларындағы мамандардың басын қосып отыр. Барлығымызды әділетті, заманауи әрі бәсекеге қабілетті Қазақстанды құруға деген ортақ ниет біріктіреді, – деді Қуантай Бисалиев.

Оның айтуынша, «Әділет» партиясының облыстық филиалы өңір тұрғындарымен тұрақты байланыс орнатқан. Қазір филиал құрамында бір қалалық және жеті аудандық бөлімше жұмыс істейді. Өңірде 20 мыңнан астам партия мүшесі мен 100 бастауыш партия ұйымы бар.

– Бастауыш партия ұйымдары – партия жұмысының негізгі тірегі. Олар азаматтардың ұсыныс-пікірін тыңдап, қоғамды толғандырған мәселелерді ортаға салуға және ортақ шешім іздеуге мүмкіндік береді. Сондықтан жаңа ұйымдар құрып, тұрғындарды ортақ мақсатқа жұмылдыру маңызды. «Болат Жол» ұжымы да партияның жұмысына өз үлесін қосып, өңірдің дамуына бағытталған бастамаларға атсалысады деп сенемін, – деді ол.

Кездесуге еңбек ардагері Сайлаубай Таласов, Атырау қалалық мәслихатының депутаттары Айжан Сәрсембаева мен Ілия Қонысбаев, партияның Жастар қанаты Атырау облыстық филиалының төрағасы Абылай Құрметұлы қатысты. Кәсіпорын атынан РИП-Сера станциясының бастығы Ғалымжан Күлденбаев, вагон шаруашылығының жетекшісі Айдар Каберов және ПТОЛ аға шебері Ғалымбек Камалов сөз сөйледі.

Кәсіпорын өкілдері «Болат Жол» серіктестігінің қызметі мен ұжымның еңбек жағдайлары туралы баяндады. 1992 жылы құрылған компания теміржол тасымалымен, локомотивтерді пайдалану және жөндеумен, вагондар мен инфрақұрылымға қызмет көрсетумен айналысады. Кәсіпорынның Атырау, Индер және Құлсары қалаларында базалары, сондай-ақ РИП-Сера станциясында жөндеу базасы бар.

«Болат Жол» 2000 жылдан бері «Теңізшевройл» компаниясына теміржол қызметтерін көрсетіп келеді. Серіктестікте 662 адам еңбек етеді. Олардың 500-ден астамы Теңізде вахталық әдіспен жұмыс істейді, ал қызметкерлердің 90 пайызға жуығы – Атырау облысының тұрғындары.

Кәсіпорын өкілдері ұжым үшін қызметкерлердің тұрақты жұмыспен қамтылуы, жалақының уақытылы төленуі мен қауіпсіз еңбек жағдайлары маңызды екенін атап өтті. Жиын қорытындысында «Болат Жол» ұжымы бастауыш партия ұйымын құруды қолдап, алдағы уақытта партияның мақсат-міндеттеріне сай жұмыс істеуге ниетті екенін білдірді.