Қазақстанның бірнеше өңірінде тұман түсіп, өрт қаупі күшейді

Синоптиктер тұман түсіп, жел күшейетінін, ал кей облыстарда өрт қаупі жоғары деңгейде сақталатынын хабарлады.

Қазақстанның бірқатар өңірінде 10 қазанға дауылды ескерту жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Синоптиктер тұман түсіп, жел күшейетінін, ал кей облыстарда өрт қаупі жоғары деңгейде сақталатынын хабарлады.

«Қазгидромет» мәліметіне сәйкес, 10 қазанда Астана, Қарағанды, Орал, Атырау және Ақтау қалаларында түнде және таңертең тұман күтілген. Осындай ауа райы Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарының жекелеген аудандарында да болжанды.

Солтүстік Қазақстан облысының шығысында түнде жел екпіні секундына 15-20 метрге жетуі мүмкін. Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-батысында түнде, оңтүстік-шығысында күндіз жел күшейеді. Абай облысының оңтүстігінде де желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.

Ал елдің батысы мен оңтүстігінде өрт қаупі сақталып отыр. Атап айтқанда, Қызылорда облысында 10-11 қазанда төтенше өрт қаупі сақталады. Облыстың солтүстігі мен орталығында өрт қаупі жоғары деңгейде болады.

Атырау облысының оңтүстігінде, Ақтөбе облысының батысы, оңтүстігі мен орталығында, сондай-ақ Ұлытау облысының бірқатар аудандарында төтенше өрт қаупі сақталады. Жезқазған мен Атырау қалаларында да осындай ескерту күшінде.

Мамандар тұман кезінде жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, көліктер арасындағы арақашықтықты сақтауға кеңес береді. Ал өрт қаупі жоғары өңірлерде ашық жерде от жағудан және құрғақ шөпті өртеуден бас тартқан жөн.