Қырғызстан азаматы аяқкиімінің ішіне 182,3 миллион теңгенің алты алтын құймасын жасырып, Қазақстан арқылы Қытайға алып өтпек болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ведомство мәліметінше, әйел алтынды Қырғызстаннан сатып алып, Қазақстанға «Қордай Авто» өткізу бекеті арқылы кірген. Кейін құймаларды Қытайға заңсыз алып өтуді жоспарлаған.
Кедендік және шекаралық тексеруден жасырын өту үшін ол әр аяқкиімінің ұлтарағының астына үш құймадан орналастырған. Бірақ «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы аумағында тексеру кезінде алтын табылып, тәркіленді.
Алты құйманың жалпы салмағы 2,8 келі болған. Құрамындағы алтын мөлшері 99 пайыздан асады. Олардың жалпы құны 182,3 миллион теңгеге бағаланды.
Бас көлік прокуратурасының өтініші бойынша сот алтын құймаларын сотқа дейін тәркілеу туралы шешім қабылдады. Соның нәтижесінде алтын мемлекет кірісіне өткізілді. Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Қазіргі уақытта іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.