Қазақстанда ұялы телефондарды тексеріп, тіркеуге қатысты жаңа тәртіп енгізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
9 қазаннан бастап жеке тұлғалар смартфондарын тек eGov порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы тексертеді.
Бұған дейін азаматтар телефонды тіркеу үшін бірнеше интернет ресурсқа кіріп, қажетті құжаттарды бөлек жинап, өтінімге тіркеуге мәжбүр болған. Енді бұл жұмыстарды бір жерден орындауға мүмкіндік берілді.
Жаңа тәртіп смартфонның Қазақстанға заңды жолмен әкелінгенін тексеруге арналған. Мұндай тексеру құрылғының халықаралық сәйкестендіру нөмірі, яғни IMEI коды арқылы жүргізіледі.
Қазақстанда ұялы телефондарды міндетті түрде тексеру жүйесі 2025 жылы енгізілген. Оның мақсаты – елге заңсыз әкелінген немесе шығу тегі белгісіз құрылғылардың ұялы байланыс желілерінде қолданылуын шектеу.
Бұған дейін байланыс саласына жауапты мемлекеттік органдар жаңа талаптар күшіне енгенге дейін Қазақстанның ұялы байланыс желілерінде жұмыс істеп тұрған телефондар автоматты түрде рұқсат етілген құрылғылар тізіміне енгізілетінін хабарлаған.
Ал шетелден жаңадан әкелінген смартфондарға қатысты олардың заңды жолмен сатып алынғанын және елге әкелінгенін растау талаптары сақталады.
Жаңа өзгеріс азаматтардың бірнеше сайтқа кіріп, құжат жинауына кететін уақытын қысқартуға бағытталған.