Қазақстанда Yandex Go қызметінде ақау шықты: компания себебін түсіндірді

Соның салдарынан такси жүргізушілері мен курьерлерге арналған сервистер уақытша қолжетімсіз болып қалды.

Бүгін, 11 қазанда Қазақстанда Yandex Go қызметінің жұмысында ақау пайда болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Соның салдарынан такси жүргізушілері мен курьерлерге арналған сервистер уақытша қолжетімсіз болып қалды.

Компанияның Қазақстандағы баспасөз қызметі кейбір сервистердің дұрыс жұмыс істемей тұрғанын растады. Мамандар ақауды жоюға кіріскен.

Компания өкілдерінің түсіндіруінше, Yandex Go сияқты технологиялық сервистердің жұмысы үлкен есептеу қуатына тәуелді. Ал қазір компанияның таратылған есептеу инфрақұрылымының жекелеген бөліктерінде ақау тіркелген.

– Өкінішке қарай, қазір кейбір сервистер қателермен жұмыс істеуі немесе уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін. Техникалық мамандар қызметтердің тұрақты жұмысын қалпына келтіруге күш салып жатыр, – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Әзірге сервистердің қашан толық қалпына келетіні белгісіз.

Бұған дейін Ресейде «Яндекстің» деректер орталықтарына ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасағаны хабарланған. Атап айтқанда, Рязань облысындағы Сасово қаласында және Калугада орналасқан орталықтардың жұмысына зақым келген.

Бірақ компания Қазақстандағы бүгінгі ақаудың осы шабуылдармен тікелей байланысты екенін ресми түрде растаған жоқ.