Қазақстанда оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтерге қатысты 111 мыңнан астам қажеттілік әлі өтелмеген

Бұл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 10 қазанда жариялаған мәліметтерінен белгілі болды.

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға қажетті оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтерге қатысты 111 817 қажеттілік әлі өтелмеген, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елімізде техникалық оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтерге қатысты 574 097 қажеттілік тіркелген. Оның 462 280-і орындалған. Бұл жалпы көлемнің 80,6 пайызын құрайды.

Әсіресе протездік-ортопедиялық көмек пен санаторийлік-курорттық емдеуге қатысты көрсеткіш төмен. Мәселен, протездік-ортопедиялық көмекке қатысты 87 726 қажеттіліктің 57 928-і ғана өтелген. Ал санаторийлік емдеуге қатысты 151 622 қажеттіліктің 103 299-ы орындалған.

Сондай-ақ 16 822 кресло-арбаға қатысты қажеттіліктің 14 337-сі өтелген. Ымдау тілі мамандарының қызметіне қатысты көрсеткіш 96,6 пайызға, жеке көмекшілер қызметі бойынша 97,4 пайызға жеткен.

Министрлік мәліметінше, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орындалған қажеттіліктер саны 27 785-ке көбейген. Жалпы көрсеткіш 80,3 пайыздан 80,6 пайызға көтерілген.

Айта кетейік, 111 817 деген көрсеткіш адам санын емес, орындалмаған қажеттіліктер мен қызметтер санын білдіреді. Бір адамға бірнеше қызмет қажет болуы мүмкін.